Дональд Трамптың болашағы не болмақ

Дональд Трамп президенттік мансаптан кеткенімен, Ақ Үй басшысына тиесілі артықшылықтарын сақтап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрынғы президенттер жөнінде 1958 жылы қабылданған Заңға сәйкес ол бірқатар жеңілдіктерге ие болады. Бірақ Трампқа жарияланған импичмент күшіне енсе, ол артықшылықтың бәрінен айырылады. Болашақта Трампты не күтіп тұр?

Бұрынғы президенттерге жылына 219 мың доллар мөлшерінде зейнетақы төленеді. Меланья Трамп ажыраспаса, ол да жылына 20 мың доллар алады. АҚШ-тың құпия қызметтері бұрынғы президенттің отбасын өмір бойы күзетуі тиіс. Бұған жылына бір жарым миллиондай доллар жұмсалады. Сондай-ақ экс-президенттер елдің кез келген аумағында кеңсесін ашып, қызметкерлер жалдай алады. Бұған алғашқы 30 айда бюджеттен жылына 150 мың, кейін 96 мың доллар бөлініп тұрады. Трамп пен екі көмекшісіне іскерлік сапарларға кеткен шығынын жылына бір миллион долларға дейін өтеді. Меланья бұл мақсатқа жарты миллион долларға дейін қаражат алуы мүмкін. Вашингтонға келген кезде Дональд Трамп президенттік таунхауста тоқтауына болады. Алайда бұл қалада зәулім қонақ үйі бар оған мұның қажет де жоқ шығар. Дегенмен Трампқа қарсы жарияланған импичмент нәтиже берсе, ол осының бәрінен айырылады.

Джен Псаки, Ақ Үй әкімшілігінің баспасөз хатшысы:

– Қазір еліміз үшін ең бастысы барлық мәселені шешіп, ауызбіршілікке келу қажет. Джо Байден импичмент мәселесін қарастырудың уақыты мен ретін сенаторларға ұсынады.

Сенаттағы республикалықтардың жетекшісі Митч Макконнелл импичмент рәсімін ақпан айына қалдыруды ұсынды. Сарапшылардың пікірінше, осылайша Трамптың партияластары заңгерлеріне дайындалу үшін қосымша уақыт бермек.

Нэнси Пелоси, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

– Сенат АҚШ-тың бұрынғы президентіне қарсы сотқа дайын болған кезде мамандармен келіссөз жүргізе бастаймын. Ол халықты заңсыздыққа шақырды, бұл Капитолий алдындағы жаппай тәртіпсіздіктерге әкелді. Сондықтан жазасыз қалмауы тиіс.

Дональд Трампқа тағы да сайлауға қатысу үшін импичменттен аман қалу керек. Бұрынғы президенттерге берілетін артықшылықтардан айырлығысы келмейтін түрі бар. Президент болып сайланғаннан кейін Дональд Трамп барлық жалақысын түрлі ұйымдарға бөліп тұратын. Алайда президенттік зейнетақыдан бас тартқан жоқ. Өйткені соңғы төрт жылда Дональд Трамптың бизнесі үнемі шығынға ұшырады. Әсіресе, соңғы жылы табысы 38 процентке қысқарыпты. Пандемияның кесірінен Дональд Трамп иелігіндегі отельдер мен гольф-клубтар қатты зардап шекті. Туит әлеуметтік желісі Трампттың аккаунтын мәңгіге бұғаттап тастады. Дегенмен осының барлығына қарамастан, Дональд Трамп тыныш зейнетке шығатын түрі жоқ. Алдағы уақытта ол туралы талай жаңалық еститін секілдіміз.

Сондай-ақ...