COVID-19: Мехико ауруханалары 90%-ке толып кетті

Мексика астанасында коронавирустан қайтыс болғандар саны артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнде Мехико қаласындағы ауруханалар 90%-ке толып кетті. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, індет қаупінің ең жоғары деңгейі жарияланған желтоқсан айынан бастап 6 мыңнан аса адам ковидтен қайтыс болды. Күн сайын бұл дерттен 170-тен астам адам көз жұмып жүр. Жалпы індет басталғалы Мексикада 425 мың адам бұл дертті жұқтырған.

Израиль Гомес, фельдшер:

- Індет басталғалы коронавирустан өлім саны азаймай жатқанын айтқым келеді. Жалпы індеттің таралу қарқыны бәсеңдеген шығар, бірақ адамдар індеттің қаупін әлі де толық түсіне алған жоқ. Өздеріне тісі батпайтынына сенетіндер де бар.