Египет археологтары тарихи олжаға тап болды

Каирдің маңынан ежелгі храм мен 50-ден астам табыт табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдын ала мәлімет бойынша, құнды жәдігерлерді біздің заманымызға дейінгі 16-11-ғасырларға жатқызуға болады. Тарихшылардың пікірінше, мазар көне заманның құпиясын ашуға көмектесуі мүмкін. Себебі сақталған құжаттар бойынша, осы орында Ежелгі Мысыр астанасы – Мемфистің басты қорымы болуы ғажап емес.

Тарихи қазба жұмыстары өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Содан бері археологтар күнде жаңалық ашып отырды. Храм мен ежелгі табыттар 15 метр тереңдіктен табылған. 

Махмұд Ашраф, археологтар тобының жетекшісі:

– Храм 6 әулеттің алғашқы билеушісі Тети перғауынның жұбайы – Нейт патшайымға арналып салынған деп топшылаймыз. Себебі табылған барлық заттар Тетидің мазарына жақын жерде. Бұл – үлкен олжа. Аталған перғауынның билеген дәуірі туралы дерек атымен жоқ болатын. Енді сол кездің дәстүрі мен мәдениетін түсінуге жол ашылмақ.

Каирден 30 шақырымда орналасқан Саккара қонысы 3 мың жыл бұрын Еежелгі Египеттің астанасы Мемфистің басты киелі орны болған. Қыркүйектен бері бұл маңнан мумияланған 140 табыт табылды. Негізі бұл – осы аумақта болуы тиіс артефактардың бір ғана проценті.

Марван Хенали, мысыртанушы:

– Қазір Саккара ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына жатады. Бұл жерде Египеттің жаңа тарихының үлкен қоры жатқанына сенімдімін. Ежелгі мысырлықтар жай ғана жерлене салмаған. Бұл рәсімдерде қаншама дәстүр, өмір салты сақталады. Табыттарға құнды заттар, жазулар, мүсіндер, киім-кешек қоса салынған.

Табылған барлық табыт ағаштан жасалған. Сондықтан асқан сақтық қажет. Жәдігерлердің әр сантиметрі қымбат. Археологтар және уақытты анықтайтын мамандардың жұмысы кемінде әлі 2 жылға созылмақ.

Ернат Мелсұлы, Дмитрий Лукша

Сондай-ақ...