414,36 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бразилияға Astrazeneca вакцинасының 2 млн дозасы жеткізілді

  • 186
  • UPD: 18:51, 23.01.2021
Бразилияға Astrazeneca вакцинасының 2 млн дозасы жеткізілді РБК

Бразилияға Үндістаннан Astrazeneca вакцинасының 2 миллион дозасы жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 рет егілуі тиіс препараттың ерекшелігі – ультра-салқын тоңазытқышта сақтаудың қажеті жоқ. Сондықтан екпе ауа райы ыстық елдер мен ауылдық жерлер үшін қолайлы. Әуежайға келген вакцинаны қарсы алу рәсіміне Үндістанның осы елдегі елшісі де қатысты. Соңғы мәлімет бойынша, Бразилияда бір күнде 56 мың 552 адам ковид жұқтырып, мыңнан астам тұрғын көз жұмған.

Эдуардо Пазуэлло, Бразилияның денсаулық сақтау министрі:

– Бұл 2 миллион доза тек басы ғана. Ақпанда бұдан да көп доза алдырамыз. Сондай-ақ дәрі жасауға қажетті қоспалар жеткізілсе, өзіміз айына 15 миллион доза өндіруді жоспарлап отырмыз. Біздің елге отандық өндіріс керек.

Ал Францияда доза жетіспей жатыр. Тапшылыққа байланысты Париждің шығысындағы Мо қаласында ірі вакциналау орталығы жабылды. Аймақтық Денсаулық сақтау агенттігі 25 қаңтарда 486 доза жеткізіледі деп уәде берген. Францияда 21 қаңтардан бері 824 мың адам екпе қабылдаған. Билік айдың аяғына дейін вакцина салдырғандар санын кемінде 1 миллион адамға жеткіземіз деп құлшынып отыр. Ал наурызға дейін 2 миллион 400 мың тұрғын екпе қабылдауы тиіс.

Кристиан Аллард, дәрігер:

– Осы аптада біз алдын ала жазылған 200-дей адамды кері қайтаруға мәжбүр болдық. Олар сол беті вакцина салдыра алмай кетті. Біз қаншама адамға телефон соғып, көп күш жұмсадық. Өкінішке қарай, еңбегіміз еш кетуде.

Хабар 24 телеарнасы