Франция тұрғындары жұмыс орындарын қысқартуға наразылық танытуда

Төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарын қысқартуға жол берілмеуі керек. Францияда ереуілге шыққан тұрғындар өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықтың ашуын тудырған әлемдік туризм саласының көшбасшысы TUI компаниясының Франциядағы бөлімшелерде жұмысшылардың үштен екісін қысқарту туралы мәлімдемесі болатын. Жалпыхалықтық ереуілге алғаш рет «Тоталь» мұнай концерні, «Санофи» фармацевтикасы, «Рено» автомобиль құрастыру сынды белгілі кәсіпорындардың қызметкерлері шықты. Оларды «сары жейделілер» қолдады. Болжам бойынша коронавирус пандемиясы салдарынан кемі 200 мың француз жұмыссыз қалуы мүмкін. Қиыны сол, бұл – уақытша қысқарту емес. Азаматтар жұмысынан біржола айырылады деген қауіп бар.

Анн Жиродон, Жоғарғы сена департаменті Кәсіподақтар қауымдастығының бас хатшысы:

– Бұл жерге жиналғандардың арасында түрлі сала мамандары бар. Пандемияның кесірінен ушыққан дағдарыс экономиканың барлық саласын қыспаққа алды. Францияда млн-ға жуық адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Бірақ компанияларға қиындықты еңсеруге жағдай жасалып жатыр ғой. Мәселен, ақысыз еңбек демалысына жіберу шығыны салықтың есебінен төленуде, ал компания басшылары осыны пайдаланып, жұмысшыларды кысқартып әлек.

–  Мен «Рено» компаниясында жұмыс істеймін. Әрине, көлік саудасы бұрынғыдай емес, бірақ компания жабылу алдында тұрған жоқ. Басқаларымен салыстырғанда жағдайымыз анағұрлым жақсы. Қызметкерлерді жұмыстан шығаруға болмайды. Кейбірі бар өмірін осы іске арнаған білікті мамандар. Сондықтан басшылық қайткен күнде де жұмыс орындарын сақтап қалуға күш салуы керек.

Жұмысшыларды ақысыз еңбек демалысына шығару үшін мемлекет былтыр 20 млрд евро шығындаған. Сондай-ақ салық мөлшері төмендетілді, әлеуметтік төлемдер жойылды. Алайда бұл жеңілдіктер Франция экономикасын жаппай қысқартулардан арашалап қала алмады. Наразы топ Франция үкіметі отырысы өтетін Ұлттық ассамблея ғимаратынан Медеф кеңсесіне дейін шерулетті. Олар мемлекеттің қиын кезде компанияларға көрсетіп жатқан қамқорлығының қайтарымы ретінде жұмыс орындарын сақтауға кепілдік беруін талап етіп отыр.