Швейцарияда Давос форумы онлайн түрде өтеді

Давостағы әлемдік экономикалық форум биыл онлайн өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған басты себеп – коронавирус індеті. Былтырдан бері COVID-19 таралғалы дүние жүзінде көптеген бизнес нысандары жабылып, жұмыссыздық пен кедейшілік көбейіп, заңды және жеке тұлғалардың банктер алдындағы берешегі еселеп артқан. Бұдан басқа, табыс табудағы теңсіздік пен климаттық өзгерістер де әңгімеге арқау болмақ. Сондықтан биылғы форумның тақырыбы «Сенімді қалпына келтірудегі шешуші жыл» деп аталады.

Клаус Шваб, Әлемдік экономикалық форумның басшысы:

– Виртуалды кездесудің мән-маңызы кәдімгі жиыннан кем болмасы анық. Бірақ эмоциялық шарпысу жетіспеуі әбден мүмкін. Сондықтан тағы жүзбе-жүз кездесу өткізбекпіз. Давостың басты ерекшелігі – мұнда тек мемлекет басшылары мен озық бизнесмендер ғана емес, кез келген мүдделі азамат қатыса алады. Сондықтан ертең басталатын форум дайындық сипатында болады. Негізгі мақсатымыз – осы.

Форумы қаңтардың 25-інде басталып, 26-ына дейін жалғасады. Ал жаңа Клаус Шваб тілге тиек еткен кәдімгі кездесу мамыр айының аяғында Сингапурда өтпек.