Сиднейде аптап ыстықтан өрт шығу қаупі артты

Сиднейде күн ысыды. Температура көрсеткіші плюс 30 градусқа жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аптаптан сая іздеген адамдар өзен-судан шығар емес. Кеше 2 адам суға кетіп, көз жұмған. Осыдан кейін жағажайда күзет күшейді. Елдің оңтүстігінде сынап бағанасы плюс 40-тан асуы мүмкін. Ыстықпен бірге желдің екпіні де күшейді. Сондықтан құзырлы органдар серфингшілерге барынша сақ болуды ескертіп жатыр. Аптапқа байланысты өрт шығу қаупі де артты.

Габриел Вудхаус, метеорология бюросының аға қызметкері:

– Алдағы бірнеше күнде ауа райы қатты ыстық болады. Әсіресе аптап елдің оңтүстік-шығысында күшейеді. Ыстықтың беті келесі аптаның сейсенбісіне қарай ғана қайта бастауы мүмкін. Одан әрі аптап солтүстікке ауысады деп күтілуде.