Қырғызстан үкіметі елді вакцинамен қамтамасыз ету үшін жоспар құрды

Алатаудың арғы бетіндегі ағайынға халықаралық ұйымдар мен одақтас мемлекеттер көмектесуге дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, вакцина алудан гөрі оны сақтау қиын болатын түрі бар.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігі нақты қандай вакцинаны сатып алатынын әлі күнге дейін білмейді. Арнайы жұмыс тобы нарыққа шыққан препараттардың тиімділігін зерттеп келеді. Ал осы кезде түрлі халықаралық ұйымдар өз көмегін ұсынды. Мәселен Қырғызстан кіретін иммунизация және вакцинация бойынша Жаһандық альянста коронавирусқа қарсы вакцинаның 8 түрі бар. Медиктер лайықты бағасымен қатар сатып алатын препараттардың тиімділігіне сенімді болуы керек.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрі:

- Күн сайын вакцинаның жаңа түрлері қосылып отыр. Қазіргі кезде вакцинаның 150 түрі қолданыста бар. Одан бөлек, 60 түрі клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Сарапшы тобымыз күн сайын «Ковакс» бағдарламасымен байланысады. 11 қаңтарда бұл ұйым бізге Pfizer вакцинасын ұсынды. Бірақ қолдану үшін оны 70 градус суықта сақтау қажет екенін білесіздер.

Pfizer вакцинасын арнайы тоңазытқыштарда сақтау керек. Біреуі 4 мың доллар тұрады. Алғашында осы тоңазытқыштарды сатып алуға АҚШ үкіметі көмектеседі деген ақпарат шықты. Алайда кейін денсаулық сақтау министрі бұл шығынды халықаралық ұйымдардың бірі өтейтінін мәлімдеді. Ал ресейлік вакциналарды сақтау бұдан оңай. Оған қоса, Қырғызстанда оған қажетті құрал-жабдық та бар.

Алымкадыр Бейшеналиев, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрі:

- Ресейде үш вакцина – «Спутник V», «ЭпиВакКорона» және «Вектор» шығарылды. Оларды -2 және -20 градус аралығында сақтауға болады. Біз Ресей Федерациясынан 500 мың вакцина сұрадық. Біздің жағдайға сәйкес келетінін сатып аламыз.

Бұл мақсатқа медиктер қаржы министрлігінен 2,5 миллион доллар сұрады. Бюджет тапшылығына душар ел үшін бұл – қомақты қаражат. Дегенмен, халық денсаулығының маңыздылығын ескеріп, Үкімет қосымша қаржыландыру көздерін қарастырады. Вакцина келсе де, елде індет басылатынына толық сенім жоқ. Өйткені түрлі асқынуларынан қауіптенетін көп адам екпе алғысы келмейді.

Авторы: Бақыт Чермашев