Германия билігі елге кіру ережелерін күшейтті

Германия елге кіру ережелерін ширата түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа шектеулер «қауіп-қатер аумағы» деп танылған 20-дан астам мемлекетке қатысты қолданылады. Бұл тізімде Қазақстан жоқ. Оған АҚШ, Испания, Португалия, Египет, Израиль, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері енген. Германиядағы жаңа ережелер туралы Ернат Мелсұлы баяндайды.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Германияға «қауіп-қатер аумағынан» келетіндер коронавирус тестін көрсетуі міндетті. Оны федералдық полиция тексереді. Сырттан келгендер 10 күндік карантинде болады. Қазір Франкфурт пен Мюнхендегі әуежайларда жолаушыларды бақылау күшейтілді. Коронавирус мутациясы тіркелген Ұлыбритания, Ирландия, Оңтүстік Африка және Бразилиядан оралғандар теріс нәтижесі бар анықтаманы тіркеуден өтпей тұрып, көрсетуі тиіс.

Йенс Шпан, Германияның Денсаулық сақтау министрі:

- Австралия, Жапония, Тайвань және Оңтүстік Кореяда әуежайға келгендердің бәрін тестілеуге мүмкіндік бар. Германия құрлықтың ортасында орналасқан ғой. Бізде шекара ашық тұр. Мысалы, Германия мен Нидерланд арасында мыңдаған адам қатынап жүр. Бірақ оң өзгеріс байқалады.

Сарапшылар Германияда британиялық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық штамм тіркелді деп дабыл қақты. Саясаткерлер қосымша шаралар енгізуді жалғастырды. Мәселен, бұдан былай тұрғындар қоғамдық орындар мен дүкендерде тек бетпердемен жүруі тиіс. Бұрынғыдай бетті орамалмен тұмшалауға болмайды. Бетперде тәртібін бұзғандарға 500 еуроға дейін айыппұл салынады.

Реза Амари, федералдық полиция өкілі:

- Індет әлемде таралып жатыр. Бизнеспен айналысатын және нақты ісі бар адамдар әлі сапарда жүр. Бірақ біз мұндай жүріс-тұрысты шектеуге шақырамыз.

Елде індет азайса, 14 ақпаннан кейін шектеулер алынуы мүмкін. Бірақ әзір 3 апта бойы мейрамханалар, бассейндер, мектептер жабық болады. Жақында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 69%-і карантиннің ұзартылғанын қолдапты.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева