Израильде халықаралық рейстер уақытша тоқтатылды

Израильде 26-31 қаңтар аралығында халықаралық әуе қатынасы тоқтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған коронавирустың жаңа штамдарының тез тарауына қатысты қауіптің күшеюі себеп. Жергілікті тұрғындар осы аралықта тек бірнеше себеппен ғана шетелге шыға алады. Солардың қатарында емделу, сот ісіне не жақын адамының жерлеу рәсіміне қатысу не басқа мемлекетке қоныс аудару. Сонымен қатар билік шетелдік жүк ұшақтары мен жедел жәрдем ұшақтарын қабылдауға да рұқсат берді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз сақтық шараларына ерекше мән береміз. Әлемнің бірде-бір елінде осындай шаралар қабылданған жоқ. Сонда елімізге коронавирустың түрлі штамдарының енуіне жол бермейміз.

Коронавирусың жаңа штамдары Ұлыбритания билігін де алаңдатып отыр. Корольдіктің денсаулық сақтау министрі карантин өз нәтижесін беріп жатқанын айтады. «Дегенмен, шектеу шаралары жақын арада алынбайды» деді. Негізі кейінгі тәулікте елде індетті жұқтырудың 33 мыңнан аса жаңа дерегі расталды. Қазір мұнда вирустың британдық штамы тез тарап барады. Осы ретте Корольдікте вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Соңғы дерек бойынша коронавирусқа қарсы екпені жасы 80-нен асқан тұрғындардың 75%-і алып қойған.