Бразилияда мыңдаған адам президенттің отставкаға кетуін талап етті

Бразилияда президенттің саясатына қарсы мыңдаған тұрғын ереуілге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наразылық акциялары елдің он шақты қаласында өткен.

Наразылық акциясына қатысушылардың айтуынша, президент коронавируспен тиімді күрес жүргізе алмай отыр. Сондықтан мемлекет басшысының отставкаға кеткені жөн. Шерушілер Жаир Болсонарудың кесірінен вакциналаудың кеш басталғанына да шағымданып отыр.

Айта кеткен жөн, Бразилия коронавирусты жұқтыру дерегі бойынша әлемдік антирейтингтің үштігіне кіреді. Мұнда расталған оқиғалар саны 9 миллионға жуықтайды. Президент коронавирусты «жай ғана тұмау» деп, қатаң шектеу шараларынан бас тартып келді. Бірақ былтыр жазда өзі індетпен ауырып шыққан. Жуырда жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, мемлекет басшысының беделі күрт төмендеп, оның жұмысына көңілі толмайтындар саны 32%-тен 40%-ке дейін артқан.

Патрисия Арантес, Сан-Паулу қаласының тұрғыны:

- Болсонару вирустың қаупін әлі де жете бағаламайтын сияқты. Елімізде індеттен 200 мыңнан аса адам көз жұмды. Ал, ол болса мұны жай ғана тұмау деуден таянбайды. Мен 23 досымнан айырылып қалдым. Сонда олар жай ғана тұмаудан қайтыс болды дейін бе?