414,77 504.70 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем елдерінде вакциналау науқаны қалай жүріп жатыр

  • 161
  • UPD: 21:21, 25.01.2021

Әлемнің түкпір-түкпірінде жаппай екпе егу науқаны қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда Египет, Австралия вакциналауды басталды. Үндістан бір күнде екпе еккен адамдардың саны бойынша рекорд орнатты. Ал вакцинация науқаны желтоқсанда басталған Еуроодақ елдеріне AstraZeneca мен Pfizer компанияларының препараттары уақытылы жеткізілмей жатыр. Бұған не себеп?

ЕУРООДАҚ ЕЛДЕРІНЕ ВАКЦИНА МЕРЗІМІНДЕ КЕЛМЕЙ ЖАТЫР

Еуроодақ елдеріне AstraZeneca мен Pfizer компанияларының вакциналары тиісті көлемде келмей жатыр. Егер наурыз айына дейін AstraZeneca компаниясы Еуро Одақ елдеріне шамамен 80 млн доза вакцина жеткізуді жоспарласа, енді бұл көрсеткіш 31 млн дозаға дейін азайған. Ал Pfizerдің өкілдері препараттың жетіспеушілігі Бельгиядағы зауыт жұмысының тұралап қалуына байланысты деп ақталады. Шараға жауапты компания өкілдері мәселе осы аптада шешіліп жұмыс қайта жанданады деп уәде берді. Осы жағдайға одақ елдерінің өкпесі қара қазандай. Тіпті Pfizer мен AstraZenecaның жұмысына көңілдері толмаған Италия мен Польша билігі сотқа шағымданамыз деген сыңай танытты. Ал Австрия дәрігерлері вакцинаға тым кеш тапсырыс берілді деп ЕуроОдақты айыптап отыр.  

Томас Секерес, Австрия Дәрігерлер қауымдастығының басшысы:

– Егер Еуроодақ вакцинаға бұдан да ерте тапсырыс берсе, бұндай жағдай болмас еді. Енді міне тығырықтан шығу үшін түрлі жол іздеп әлекпіз. Бірақ біздің де мүмкіндігіміз шектеулі. Бүгін Pfizer басшысымен хабарластым. Компания наурыз айының соңына дейін Австрияға 900 мың доза екпе жеткізу керек. Әзірге жоспарды орындаймыз деп уәде берді.

Доменико Аркури, Италияның Covid-19-ға қарсы төтенше жағдай комиссары:

– Өкінішке қарай бүгін Pfizer компаниясынан жеткен дәрі жоспарланған мөлшерден 29 процент аз болды. Келесі аптада тағы 20 процент аз келеді. Бұл екпе егу компаниясының жұмысына кері әсерін тигізіп жатыр.

Іркілістен Италияға биылғы жылдың бірінші тоқсанында жоспарланған 8 млн дозаның орнына 3,5 млн доза екпе жеткізілуі мүмкін. Жалпы бұл шара желтоқсанның аяғында басталды. Бүгінде кәрі құрлық елдерінде Pfizer, Moderna мен AstraZeneca вакциналары мақұлданған.

PFIZER ВАКЦИНАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

Жуырда осы Pfizer вакцинасы Австралияда да қолданысқа енгізілді. Бұл туралы ел премьер-министрі хабарлады. Енді коронаиврусқа қарсы екпе егу шарасы ақпанда басталады. Елдің денсаулық сақтау министрі аптасына 80 мың доза екпе егілетінін айтады. Жоспар бойынша күзге дейін дәрінің шамамен 140 млн

Грег Хант, Австралияның денсаулық сақтау министрі:

– Жаппай екпе егу науқаны ақпанда басталады. Әзірге шара қазан айына дейін жалғасады. Премьер-министр Скотт Моррисонның айтуынша, бұл уақыт аралығында 140 млн доза екпе егілу керек.

БІР КҮНДЕ 300 МЫҢНАН АСТАМ АДАМҒА ЕКПЕ ЕГІЛДІ

Ал Үндістанда екпе егу науқаны қызу жүріп жатыр. Тіпті тәулігіне егілген екпенің саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. Мәселен, бір күнде 347 мыңнан астам адам вакцина қабылдаған екен. Жалпы вакцинация компаниясы қаңтардың 16-сы басталған еді. Бір аптаның ішінде 1 млн 390 мың адамға екпе салынды. Дәрігерлер дертке қарсы дәріні қабылдауға келгендердің қарасы күннен-күнге артып бара жатқанын айтады. Жергілікті билік Үндістанда өндірілген отандық препараттың барлық аймақтарға жеткізілуін қамтамасыз етіп жатыр. «Шілде айына дейін 300 млн тұрғынға екпе егілуі тиіс», - дейді мамандар.

Лалу Пориджа, Үндістан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

Вакцинаны діттеген жерге жеткізу оңай емес. Жол бойы кептеліс, жолдардың сапасы да сын көтермейді. Дәріні уақтылы әрі бүлдірмей жеткізе аламыз ба деп уайымдадым. Абырой болғанда алға қойған мақсатымды орындадым.

ЖАППАЙ ЕКПЕ ЕГУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Жексенбі күні жаппай екпе егу науқаны Египетте де басталды. Мысырда қытайлық Sinopharm компаниясының вакцинасы салынып жатыр. Екпені алғашқы болып медицина қызметкерлері қабылдады. Кейін қарт кісілер мен созылмалы ауруы бар тұрғындарға егіледі. Ереже бойынша арада 21 күн өткеннен кейін препараттың екінші дозасы салынады. Мысыр билігі алдағы уақытта AstraZeneca, Pfizer мен BioNTech вакцинасын да енгізбек ниетте. Әзірге тиісті құжаттар мақұлданып жатыр.

Хала Заид, Египеттің денсаулық сақтау министрі:

– Жалпыұлттық екпе егу компаниясы өз жұмысын бастап кетті. Шара Абу-Халифа ауруханаларында бастау алды. Бірінші кезекте ақ халатты мамандарға егеміз. Жақында өзге де компаниялармен тығыз байланыста боламыз. Сондықтан бұл шара елдің барлық өңірінде мықтап қолға алынады.

Автор: Арайлым Мәлкенова

Хабар 24 телеарнасы