Нидерландта тәртіпсіздік басылар емес

Нидерландта карантиндік шараларға қарсы тәртіпсізіктердің басылатын түрі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің бірнеше қаласында жастар көшеге шығып, көліктерді аударған. Сондай-ақ дүкендерді қиратып, полицейлерге шабуыл жасаған. 70-ке жуық адам қамауға алынды. Айта кеткен жөн, демалыс күні Нидерланд астанасы Амстердам мен Эйндховен қаласында ереуілдер өтіп, соңы тәртіпсіздіктерге ұласты. Полицейлер жұртты тарату үшін суатқыштар мен көз жасаурататын газ қолданған. 300-ге жуық адам қамауға алынды. Жұрттың былай ашуға мінуіне коменданттық сағаттың енгізілуі себеп. Жаңа талап бойынша, енді кешкі 9-дан кейін тұрғындар дәлелді себепсіз тысқа шыға алмайды. Ережені бұзғандарға 95 еуро айыппұл салынады.

Марк Рютте, Нидерланд премьер-министрі:

– Тұрғындардың тәртіпсіздік орнатып, мұндай әрекетке баруына жол бермеуіміз керек. Бұл ақылға қонымсыз. Адамдарға не болған? Соңғы оқиғалардың ереуілдерге еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Бұл қылмыс. Сол себепті оған барғандар тиісті жазасын алады.