Германияның 5 бірдей клиникасында британдық штамның ошағы тіркелді

Осы ретте кейбір емханалар карантинге жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солардың қатарында Берлиндегі клиника да бар. Мұнда вирустың британдық мутациясын жұқтырудың 20 дерегі анықталды. Алайда емхана өкілдері шындығында бұл сан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді. Сондықтан науқастар мен медицина қызметкерлерін тексеруден өткізу шешімі қабылданған. Бұл клиникада қазір 400 адам емделіп жатқан көрінеді. Ал емхана қызметкерлерінің саны бір жарым мыңға жуықтайды.

Йоханес Данкерт, Берлиндегі клиника өкілі:

– Коронавирустың жаңа мутациясы тез тарайды деген ақпарат бар. Жақын арада клиникамыздың науқастары мен қызметкерлері тапсырған тест нәтижесі дайын болады. Деректер қолымызға тиген соң Денсаулық сақтау министрілігі мен Роберт Кох атындағы институт өкілдерімен кеңес өткіземіз. 

Сарапшылар жаңа мутациялар Германияда коронавирустың үшінші толқынын тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Негізі соңғы күндері індетті жұқтыру деректері айтарлықтай азайған. Алайда мамандар жаңа штамның таралуы бақылауға алынбаса, локдаун жеңілдетілмей, керісінше шектеу шаралары күшейтілеуі мүмкін деп отыр.