Өзбекстанда президенттік сайлау мерзімі шегерілуі мүмкін

Конституция бойынша саяси науқан биыл желтоқсанда өтуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайлауды жыл соңында өткізу саяси маңызы бар шешімдерді қабылдауға кедергі жасайды дейді Парламент депутаттары. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау үрдісі тежеулеп қалуы әбден ықтимал. Сол себепті Олий Мәжіліс заңнамалық палатасы сайлау күнін қазан айының соңына қарай ауыстыру мәселесін талқылады. Енді осыған байланысты бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілмек. Соңғы рет Өзбекстанда Президент сайлауы 2016 жылдың 4-інші желтоқсанында мерзімінен бұрын өткенін еске сала кетейік. Ол кезде халық мемлекет басшысы ретінде Шавкат Мирзиёевті таңдады. Ал биылғы сайлауға кімдер түсетіні әзірге белгісіз. Алайда белгілі өзбек әншісі Джахонгир Отажанов өз кандидатурасын ұсынып үлгерді.

Джахонгир Отажанов, әнші:

– Менің қазіргі мемлекет басшысына еш қарсылығым жоқ. Қарсылық көрсететіндей тіпті құқым да жоқ. Ол қолынан келгенше, мейілінше жұмыс істеп жатыр. Қазір мен отбасыммен шетелде демалып жүрмін. Елге оралған соң сайлауға дайындаламын. Қажет болса, саяси партия да құруға дайынмын.