Дүниежүзілік экономикалық форум онлайн түрде өтіп жатыр

Әдетте Швейцарияның Давос қаласында ұйымдастырылатын Дүниежүзілік экономикалық форум биыл онлайн түрде өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараның басты тақырыптарының бірі – коронавирус пандемиясымен күрес және оның әлемдік экономикаға әсері. Онлайн кездесуде сөз сөйлеген Еуропалық комиссия төрағасының айтуынша, одан бөлек халықаралық қауымдастық климаттың өзгеруі мен онлайн платформалардың жұмысын реттеуге көп көңіл бөлуі керек.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:

Біз дағдарыс жағдайында әрекет етіп үйренуіміз керек. Апаттарға дайын болу үшін алдын ала қамданғанымыз жөн.

Онлайн басқосуда Германия канцлері де сөз сөйледі. Ол коронавирусты жеңіп шығудың бірден бір жолы – вакцина екенін айтты.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Бізге күш біріктіріп, бірге әрекет ету керек. Вакциналау бойынша да осындай ұстаным қажет. Екпе жетіспей жатқанда оның барлық ел үшін теңдей бөлінуі аса маңызды.

Ал бүгін форумда Ресей президенті сөз сөйлеуі керек. Владимир Путиннің бұл шараға қатыспағанына 10 жылдан асып кеткен. Соңғы рет ол 2009 жылы премьер-министр ретінде басқосуға қатысқан болатын.