Тбилисиде мұқтаж жандарға тегін тамақ беріледі

Грузияның барлық ірі қаласында 10 жылдан бері әлеуметтік асханалар жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тбилисиде 60-тан астамы бар. Онда мұқтаж адамдарға тегін тамақ беріледі. Індет өршіген кезде аталған мекемелердің маңызы артты. Себебі елде кедейлер саны көп.

Манана Гогинашвили бұрын бала күтуші болған. Індет келгелі жұмыссыз қалды. Қазір ол Тбилисиде күн сайын тегін ас ішетін 40 мың адамның қатарында.

Манана Гогинашвили, Халыққа көмектесу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысушы:

Біз тек осы жерден ғана жүрек жалғаймыз. Аспаздары жақсы, тамақты дәмді пісіреді. Ауданымыздың қалалық кеңесіне алғысымыз шексіз.

Мұндай асхана ел астанасының әр ауданында бар. Басқарушы Қалалық кеңес тізімді үнемі жаңартып, толықтырып отырады.

Лали Челидзе, Қалалық кеңес басқарушысының орынбасары:

– Біздің ауданда 4 тегін асхана жұмыс істейді. 2200 адам күніне бір рет ыстық тамақ ішеді. Негізі Грузияда мұндай асханалар, анығын айтқанда мұқтаж жандар мүлде болмаса екен деп тілеймін.

Қазір індетке қатысты талап күшейді. Бұдан былай іште тамақ ішілмейді. Нақты кесте бекітілген. Яғни кезек жоқ. Ал індетке шалдығу қаупі бар адамдарға тамақты үйіне апарып береді.

Авторлар: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина