Францияда мұғалімдер мен студенттер биліктен көмек сұрады

Францияда мектеп оқушылары мен университет студенттері жалпыұлттық ереуіл өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Наразылық акциялары елдің бірнеше қаласында ұйымдастырылған.

Ереуілге қатысқан студенттер билік тарапынан қаржылай көмек сұрады. Мәселен, жатақханада тұру ақысын төлеу бойынша жеңілдік қажет екенін айтады. Сонымен қоса жастар пандемия кесірінен жұмысқа тұру мәселесі қиындады деп отыр. Оның үстіне шектеулерге байланысты достарынан алшақтап қалғанын айтады. Салдарынан қазір француз жастарының 50 проценті психикалық жағдайына көп алаңдайтын болған. Ереуілге қатысқан мұғалімдер болса, жалақысын көтеруді талап еткен. Сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі санитарлық талапты күшейтуді сұрап отыр.

Норман Гурьер, мұғалім:

– Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда ең жақсысы – қарым-қатынасты азайтып, мүмкіндігінше үйде отыру. Алайда мектептер жұмыс істеп тұр. Оларды ең құрығанда 4-5 аптаға жауып тастау керек еді. Сонда жағдай біршама жақсарып қалар еді.