Өзбек мигранттары қандай кедергілерге кезігеді

Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы Қазақстан мен Ресейде жұмыс істейтін өзбек азаматтары кезігетін қиындықтарды атады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде 1 млн 840 мың мигранттың 81 проценті екі елде еңбек етіп жүр. Ең бірінші кезекте олар тілге қатысты кедергілерге тап болады. Сол себепті еңбек құқықтары көп бұзылады, дейді мамандар. Жұмыс істеу үшін Ресейде бір патент 80 мың теңгедей тұрса, делдалдар бұл құжатты 2 есе артық сатады екен. Ал Қазақстанда шетел азаматын жұмысқа алу үшін 200 доллар төлеп, оларды заңды тұлға ретінде тіркеу керек. Сондықтан кәсіп іздеп келетін өзбекстандықтар көбіне салықтан жалтаратын көрінеді.

Умид Исажанов, Өзбекстан Сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің басқарма басшысы:

– Жеке тұлғаға 3-5 адамды тіркеп қояды. Сөйтіп біздің мигранттар Қазақстан аумағында уақытша жұмыс істеп жүре береді. Осылайша, олар Қазақстан Республиксының көші-қон заңын бұзады. Артынша Өзбекстан азаматын Қазақстаннан депортациялауы әбден мүмкін.