Ұлыбританияға «қызыл тізімдегі» елдерден барғандар қонақ үйде оқшауланады

Ұлыбританияға «қызыл тізімдегі» елдерден келушілер қонақ үйлерде оқшауланатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік осындай қатаң шектеулер енгізді. Бұл – мутацияға ұшыраған ковид штамдарын елге кіргізбеу үшін және вакциналау бағдарламасына қауіп төндірмеу мақсатында жасалып отырған қадам. Айта кетейік, бүгінде Біріккен Корольдікте коронавирустан көз жұмғандар саны 100 мыңнан асып, Еуропада антирекорд орнады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Ұлыбритания азаматтары және осы елде заңды тұру құқығына ие адамдар «қызыл тізімдегі» 30 елден оралған жағдайда карантинге жатқызылады. Тізімге мутацияға ұшыраған вирустың жаңа түрлері анықталған мемлекеттер енген. Айта кету керек, елге Ұлыбритания азаматтары мен заңды резиденттер ғана кіре алады. Жолаушылар ПТР тесттің теріс нәтижесін көрсеткеннің өзінде үкімет ұсынған қонақ үйге барып тұруы және 10 күн бойы сыртқа шықпай оқшауланулары міндетті. Олар азық-түлік және басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етіледі. Бірақ барлығының ақысын өз қалталарынан төлеулері керек. Мұндай қатаң шектеулер пандемия басталғалы болған емес.

Прити Патель, Ұлыбритания ішкі істер министрі:

- Ұлыбританиядан сыртқа шығып жатқандарға да талап күшейеді. Жолаушылардың дәлелді себебі болмаса, өзге елдерге саяхаттауларына тыйым салынады. Әр адам декларация толтыруы керек. Әрбір факт жіті тексерілетін болады. Еңбек демалысы дәлелді себеп болып есептелмейді.

Коронавирустың жаңа штамы кең тараған 30 елдің ішіне Оңтүстік Америкада орналасқан мемлекеттер түгел кіреді. Сонымен қатар «қызыл тізімде» Оңтүстік Африканың басым бөлігі және Португалия бар. Басқа мемлекеттерден келген жолаушылар болса, 10 күнге үйде оқшауланулары керек. Полиция мекенжайларды аралап, тексеруді күшейтетін болады. Талапты орындамағандарға салынатын айыппұл көлемі біздің ұлттық валютамызбен есептегенде 600 мыңнан 6 миллион теңгеге дейін жетеді. Оппозиция өкілдері жаңа шектеулер өте кеш енгізіліп отыр деген пікірде. Әуе компаниялары болса, қонақ үй карантині жолаушылар санын азайтып, онсыз да шатқаяқтаған саланы күйретеді деп дабыл қағып жатыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 28 күн ішінде коронавирус диагнозы қойылған науқастардың 1700-ден астамы бақилық болған. Соңғы тәулікте 25 мыңнан астам адам дертке шалдыққан. Жалпы алғанда елде жарияланған локдаунның пайдасы бар – жұқтыру жағдайлары сәл де болса азайып жатыр. 7 миллионнан астам адам, яғни жергілікті халықтың 13%-і коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын алып үлгерді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы