425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оңтүстік Кореядағы білім жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

  • 1127
  • UPD: 11:39, 28.01.2021

Жүктемесі аз, бәсеке қатты. Ал, оқулықтары сапалы.

Оңтүстік Корея орта білімінің ерекшелігі осында. Еліміздің жылда реформаға ұшырайтын, өзгерістен көз ашпайтын, министр тұрақтамайтын білім саласымен арасы жер мен көктей екені рас. Дегенмен, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ең осал жерімізді тағы бір қозғаған Президент әлемдік үдерістерді ескеру керек екенін қадап айтты. Осы орайда Сеулдегі тілшіміз Владислав Цой Оңтүстік Корея орта білімінің несімен озық екенін зерттеп көрді.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстіккореялық білім беру жүйесінің қазақстандық жүйеден басты айырмашылығы – мұнда балалар 11 емес, 12 жыл оқиды. Сондай-ақ Кореядағы мектептер сынып деңгейіне қарай үшке бөлінеді.

Мәселен бірінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейінгі оқушылар бастауыш мектепте. Ортада жетіншіден тоғызыншы сыныпқа дейінгілер. Ал жоғары мектепте оныншыдан он екіншіге дейінгі оқушылар оқиды. Білім ошағында оқу бір ауысымда өтеді. Бірақ сабақтар таңғы 08:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жалғасады. Арасында түскі үзіліс бар. Мектептегі оқыту әдістері әртүрлі. Оқушылары арасында үлкен бәсеке байқалады. Өйткені аумағы жағынан бұл ел Қазақстанға қарағанда 16 есе аз, ал халқының саны 51 миллионнан асады. Сондықтан баланы ақылы сыныптарға жібереді. Оның құны айына шамамен 100 доллар. Сонымен қатар ақылы секциялар да бар. Онда математика, мемлекеттік және шет тілі секілді негізгі пәндерді өтеді.

Екатерина О, Кенджу қаласындағы орта мектеп мұғалімі:

- Кейде балалар мектепке келіп ұйықтайды. «Сен неге сыныпта ұйықтап жатырсың" деп сұрасаң, «мен бәрін секцияда өткенмін, ішім пысты» деп жауап береді.

Екатеринаның айтуынша, Кореядағы оқулықтардың сапасы жоғары. Мектептегі пәндер саны өзгермейді. Кітаптардың мазмұны да сирек өзгереді. Тек бір партия өкілдерінен тұратын үкімет тарих оқулықтарының мазмұнын өзгерткен кезде жанжал болды.

Екатерина О, Кенджу қаласындағы орта мектеп мұғалімі:

- Оқулықтарда тек жалаң теория емес, сонымен қатар өмірден алынған мысалдар бар. Яғни, егер қандай да бір фигураның бір ауданын алып тастаса, бала осы білімді қолдану үшін өмірден мысал келтіреді.

Екатерина жұмыс істейтін мектепке ТМД елдерінен көптеген балалар оқиды. Ол шетелден келген оқушыларға корей мектебіне бейімделуге көмектеседі.

Екатерина О, Кенджу қаласындағы орта мектеп мұғалімі:

- Бізде Қазақстаннан келген бір қыз бар, ол математиканы басқа оқушыларға қарағанда жақсы біледі. Оның айтуынша, Кореяда өтіп жатқан сабақтарды ол 2 жыл бұрын оқыған екен. Яғни математикадан сағат саны көп болған. Оның бәрін түсіну, игеру оған өте қиын болыпты.

Кореядағы мектептерде оқыту жүктемесі төмен. Бірақ бәсеке жоғары. Сондықтан балалар секцияларға қатысуға мәжбүр. Кейде оларға түнге дейін оқу керек. Негізгі мақсат – орта мектептегі емтиханынан жоғары ұпай жинап, үлкен мектепке, кейінірек жоғарғы оқу орнына түсу. Университетке түсе алмау өмірдегі басты сәтсіздік ретінде қабылданады. Ал бұл жастар арасындағы суицидтің басты себептерінің бірі.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

 

Хабар 24 телеарнасы