Португалия ауруханаларында науқастарға орын жетпей жатыр

Португалия ауруханаларында коронавирус жұқтырған науқастарды жатқызатын орын жетпей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медицина қызметкерлерінің тапшылығы да жығылғанға жұдырық болды. Ел астанасы Лиссабонда індет жұқтырғандарды жатқызатын әскери госпитальдер салынған. Алайда мұның өзі де жеткіліксіз. Енді жергілікті билік Еуроодақ елдерінен көмек сұрау мәселесін қарастырып жатыр. Португалия құрлықта тек бір мемлекетпен ғана шектеседі. Сол себепті науқастарды басқа елдерге жіберу қиынға соғады. Енді билік Еуроодақтан қосымша медицина қызметкерлерін сұратуы мүмкін. Ал сарапшылар коронавирус тек ақпанның ортасында ғана шарықтау шегіне жетеді деп отыр. Өйткені мұнда жуырда вирустың жаңа штамы анықталған.

Руи Соуза, әскери госпиталь директоры:

Бізде орындар жетіспей жатыр. Тіпті асхананы палатаға қайта жабдықтауға тура келді. Онда 50 төсек қойдық. Енді біз далада тігілген шатырдың астында тамақтанамыз. Одан бөлек тағы бір мәселе бар. Бұл мамандар тапшылығы. Сол себепті басқа госпитальдерден көмек сұрауға мәжбүрміз.