Қырғызстанның жаңа президенті елге қандай өзгерістер енгізетінін айтты

Бүгін Бішкекте жаңа сайланған Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара Ұлттық филармония ғимаратында қарапайым түрде ұйымдастырылған. Садыр Жапаров өз сөзінде елдегі күрделі қаржылық жағдайға байланысты ысырап қылудың қажеті жоқ екенін айтты.

Алғашында ұлықтау рәсіміне 15 миллион сом жұмсау көзделді. Алайда Садыр Жапаровтың талабы бойынша бұл шығын алдымен 10, кейін 8 миллион сомға дейін қысқартылды. Яғни 100 мың АҚШ долларынан аз ақша. Салыстыратын болсақ, кезінде Құрманбек Бакиевтің ұлықтау рәсіміне 20 миллион сом жұмсалған екен. Салтанатты шараға шетелден жоғары лауазымды тұлғалар шақырылған жоқ. Оған елде жұмыс істейтін шетел дипломаттары, жергілікті саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Садыр Жапаров көшелерді жауып, ұлықтау рәсіміне сәулетті автокөліктер керуенімен келуден бас тартқан. Экономикалық қиындықтарды бастан кешіп отырған Қырғызстан үшін бұл артық шығын деп санаған. 

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

– Барлық патриоттар секілді мен де Қырғызстан экономикасы дамыған, адам құқықтары мен заң үстемдігін сақтайтын және жастары болашаққа зор сеніммен қарайтын елге айналғанын армандаймын.

Садыр Жапаров Қырғызстанның сыртқы қарызы 5 миллиард долларға таяп қалғанын еске салды. Сондықтан, ол мемлекет басшысы қызметінде ең алдымен ел экономикасын дамытуға басты көңіл бөлмек. Ол үшін Еуразиялық экономикалық Одақ сынды Қырғызстан кіретін бірлестіктердің барлық мүмкіндігін пайдалануға шақырды. Елдің стратегиялық серіктестері өзгерген жоқ, Қырғызстан өзіне алған міндеттемелерін орындап, Одақ аясындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейте бермек. Садыр Жапаров қиын кезде қол ұшын созып, қолдау көрсеткен бауырлас елдерді ерекше атап өтті.

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:

– Қырғызстанда болып жатқан жағдайға өз алаңдаушылығын білдіріп, қиын кезде бізге көмек көрсеткен елдерге, әсіресе, Ресейге алғысымызды айтқымыз келеді. Сондай-ақ пандемия кезінде бізге жәрдем берген көрші Өзбекстан мен Қазақстанға шын жүректен рахмет айтамын.

Сыртқы саясаттағы өзге басымдықтар ретінде Қырғызстан президенті Қытай, Түркия, АҚШ және Еуроодақпен қарым-қатынастарын дамытатынын атап кетті. Ал ішкі мәселелерге келгенде Садыр Жапаров шетелде еңбек етіп жүрген азаматтарын отанына қайтару үшін жаңа жұмыс орындарын құруға уәде берді. Бұл мақсатта ең алдымен энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Еске салып кетсек, 2017-жылы Садыр Жапаров жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен 11 жарым жылға сотталған болатын. Елде, әсіресе, ауыл аймақ тұрғындарында беделі зор саясаткердің жақтастары сол кезден бері оны босатуды талап етіп жүрген. Ақыры қазан айында Бішкекте болған оқиғалар кезінде ереуілшілер абақтыға басып кіріп, оны бостандыққа шығарады. Жақтастарының қолдауына сүйенген Садыр Жапаров көтерілісті басқарып, тез арада елдегі билік тізгінін өз қолына алған болатын.   

Автор: Бақыт Чермашев