Климаттың өзгеруі адамзатқа қауіп төндіріп тұр

Жыл сайын әлемде табиғатқа жанашыр адамдар саны артып келеді. Әсіресе, жастар арасында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны БҰҰ-ның Даму бағдарламасы жүргізген зерттеу көрсетті.

Белсенді жастар арасында Грета Тунбергтің есімі көпке таныс. Ол мемлекет басшыларын қоршаған ортаны қорғауға шақырып жүр. Табиғатты қазірден бастап аяламасақ, ертең кеш болуы мүмкін дейді экологтар.   

БҰҰ-ның даму бағдарламасы жүргізген сауалнамаға сәйкес, әлем тұрғындарының 60 проценттен астамы «климаттың өзгеруі адамзатқа қауіп төндіреді» деп санайды. Ауқымды зерттеу барысында мамандардың сұрақтарына 50 елдің 1 миллион 200 мыңдай тұрғыны жауап берген. Баяндамада ғаламдық жылынумен күресудің ең тиімді шаралары ретінде ормандарды сақтау, жаңғыртылатын энергия көздеріне ауысу және «жасыл» технологияларға инвестиция тартуды арттыру аталған.  

Кэсси Флинн, БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшысы:

– Жастар, әсіресе 18 жасқа толмаған өрендер климатқа қатысты жағдайға алаңдап, қатаң шаралар қабылдауға шақырады. Аға буын да осындай пікірде. Тіпті алпыстан асқан кісілердің жартысынан көбі ғаламға қауіп төніп тұрғанын айтып, бұл мәселені дереу шешу керек деп санайды.

Г.ТУНБЕРГ ДАВОС ФОРУМЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ҮНДЕУ ЖАСАДЫ

Есімі әлемге әйгілі болған Грета Тунберг те Давоста онлайн өтіп жатқан Дүниежүзілік Экономикалық форумда әлем басшыларын экологиялық жағдайға жауапты қарауға шақырды. Ол осыған дейінгі уәделер ахуалды жақсартуға жеткіліксіз екенін айтып, мемлекеттерге көмірқышқылға қатысты заңдарын қатаңдатуды ұсынды.

Грета Тунберг, экологиялық қозғалыс белсендісі:

– Экологиялық апатты шешеміз деп жүргенде уақытымыз құр кетіп жатыр. Ал апаттың алдын алуға бізде көп уақыт қалған жоқ. Шындыққа шынайы қарайық.

NATURE: ЖЕР БЕТІНДЕ СОҢҒЫ 12 МЫҢ ЖЫЛДА ЕҢ ЖЫЛЫ АУА РАЙЫ ОРНАДЫ

Ғалымдар жер бетінде соңғы 12 мың жылда ең жылы ауа райы орнады деген пікірге келді. Тиісті зерттеу нәтижелері «Nature» басылымында жарияланды. Жылынуға адамдар әрекеті қатты әсер еткен.

Автор: Зәуреш Байгелова