Грузияда кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері наразылыққа шықты

Грузия кәсіпкерлері мен қоғам белсенділері індетке қатысты шектеулерді жұмсартуды талап етіп, көшеге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет оқу орындарын қайта ашып, әуе қатынасын жаңғыртады.

Дегенмен шектеулердің біразы күшінде қалды. Салдарынан мекемелер толыққанды жұмыс істей алмай жатыр. Ел ішінде қатынау қиындап кетті. 

«Еңбек етіп, нан табуға мүмкіндік беріңдер!». Грузия кәсіпкерлері мен қоғам белсенділері осындай ұранмен көшеге шықты. Олар коменданттық сағатты алып тастап, қоғамдық көлік қатынасын жаңғыртып, қысқы шипажайларды ашуды талап етіп отыр. Шектеу шаралары жылдар бойы қалыптасқан кәсіпті күйретуі мүмкін дейді.

Руска Гварамадзе, туристік фирма иесі:

Біз қоғамдық көлік пен мейрамханалардың жұмысына рұқсат беруді талап етіп отырмыз. Содан кейін туризм жөнінде әңгіме бастауға болады. 

Кәсіпкерлер мен оппозиция өкілдері билік шарттарына құлақ асқанша шеруді жалғастыра беретіндерін айтады.

Лика Лазишвили, студент:

Өзге студенттер секілді мен де қазіргі жағдайға алаңдап отырмын. Ең алдымен қоғамдық көліктің жұмысын қайта бастау қажет. Бұл әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсартады. Жақын арада тұрмысымыз қалпына келетініне үміттімін.

Үкімет елдің ең ірі 3 қаласы – Тбилиси, Кутаиси және Руставиде карантин шектеулерін наурыз айына дейін ұзартуды ұйғарды. Шеруге шыққандардың көбі пандемия кезінде табысынан айырылған.

Гига Тцибахашвили, шеруге қатысушы:

Жеке өзімде әлі қаражатым бар. Бірақ көптеген адам жұмысынан айырылды. Өйткені балабақшалар мен көптеген мекемелер жабылып қалды.

Грузияда азық-түлік дүкендерінен өзге сауда орындары жұмыс істемейді. Кейбір адамдар жағдайды пайдаланып, өз тауарларын шерушілерге сата бастады. Ал үкімет қоғамдық көлік пен экономиканың кейбір жеке салаларының жұмысын жақын арада жаңғырту мүмкіндігін қарастыра бастады. Бірақ ол үшін ірі қалаларда жасалып жатқан тестілеу нәтижесінде індет жұқтыру көрсеткіші 4 проценттен аспауы тиіс. Қазір ол 4 пен 6 процент аралығында құбылып тұр.

Автор: Юлия Тужилкина