Оңтүстік Кореяда туристерге арналған виртуалды саяхат іске қосылды

Оңтүстік Кореяның туризм саласы былтыр 12 миллиард доллардан астам шығынға батқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таң самалы еліне келетін шетелдік саяхатшылар саны 80 процентке азайған. Республиканың ірі туристік орталықтарына тек жергілікті туристер барады.

Чонджу Сеулден екі жүз шақырым қашықтықта орналасқан. Жүрдек пойыз оған бір жарым сағатта барады. Бірақ коронавирусқа байланысты билік тұрғындарға үйде отыруға кеңес береді. Сондықтан жолаушылар аз. Санитарлық ережелерге сәйкес вагонда екі бейтаныс адам қатар отыра алмайды. Сапар кезінде сөйлесуге және тамақтануға да тыйым салынады.

Індеттің туризм саласына теріс әсері Чонджу теміржол станциясында сезіледі. Бұрын ол шетел саяхатшыларына толы болды, қазір тіпті жергілікті туристер де аз.

Чонджу – Оңтүстік Кореядағы шағын қалалардың бірі. Мұнда 670 мың адам тұрады. Бұл аймақ үшінші ғасырдан белгілі. Мұнда көптеген ежелгі нысандар сақталған. Чонджу елдің мәдени және тағам астанасы болып саналады. Қала шабдалымен және Кореядағы ең дәмді тағамдарымен танымал. Өткен жылы Чонджу шетелдіктерді қызықтыратын негізгі төрт туристік бағыттың біріне айналды. Қалаға инвестиция тарту жоспарланды. Бірақ бұл бастамаға коронавирус кесірін тигізді.

Ким Хё Ён, гид:

– Мен мұнда 10 жылдай жұмыс істеп келемін. Бұл жердің туристер арасында танымал болғанына 20 жыл болды. Қалаға жылына 10 миллионға дейін адам келетін. Қазір коронавирус кесірінен шетелдіктер жоқ. Бірақ кореялықтарға шетелге шығу қиын, сондықтан бізге елдің басқа аймақтарынан тұрғындар көп келеді.

Чонджу мэриясы коронавирус жойылады деп үміттенеді. Вакциналау қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді деген сенім бар. Қала әкімшілігі шетелдіктер үшін виртуалды саяхат ойлап тапты. Интернет арқылы кез келген адам корейдің дәстүрлі үйін көріп, садақ ата алады.

Чой Мён Гю, Чонджу қаласының вице мэрі:

– Шетелдік туристер Кореяға келмей-ақ Чонджудан жүздеген, мыңдаған километр қашықтықта отырып виртуалды технологиямен баратын орындарды таңдап, қажетті ақпарат алады. Осындағы қонақ үйді де таңдайды. Осы технологияның арқасында коронавирус жойылғаннан кейін туристер саны айтарлықтай артады деп үміттенеміз.

Чонджуды әйгілі туристік бағытқа айналдыру үшін билік биыл халықаралық кинофестивальден бас тартқан жоқ. Пандемияға қарамастан Чонджуды бақ қаласына айналдыру бағдарламасы жалғасын тапты. 2026 жылға дейін мұнда 10 миллионнан астам ағаш егу жоспарланған.

Автор: Владислав Цой, Ольга Лян