Қытайда Жаңа жыл мерекесі эпидемиологтардың берекесін алды

Қытай коронавирустың шырқау шегінен өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонда да мұнда күн сайын бірнеше ондаған адам індетке шалдығуда. Сондықтан үкімет сақтық шараларын қайта күшейтті. Алда ұлттық Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Осыған байланысты азаматтардың ПТР-тест тапсыру мүмкіндігі артқан. Күніне 15 миллион сынама тексеріледі.

Қытайдағы мереке эпидемиологтардың берекесін алды. Күнтізбе бойынша жаңа жыл алдында миллиондаған адам сапарға шығады. Жоғары және орташа қауіпті аймақтардың тұрғындарына ғана жол жүруге тыйым салынды. Мұндай өңірлер негізінен Бейжің мен солтүстікте орналасқан. Дегенмен биылғы жолаушылар нөпірі әдеттегіден жарты процентке аз болмақ. Сонда күніне 40 миллион адам жолға шығады деп күтілуде.

Цзэн Исинь, ҚХР денсаулық сақтау ісі жөніндегі комитет басшысының орынбасары:

– Жергілікті билік төтенше жағдайларға әзір тұруы тиіс. Қажет кезде тез тергеу жүргізіп, вирустың таралуын жіті қадағалау керек. Індеттің шығу көзі мен себебін дер кезінде анықтау өте маңызды. Бақылау жасау үшін нақты тиімді шаралар қабылдау қажет.

Халық сапар шекпесін деп түрлі әдістер қолданылуда. Мысалы, тегін ұялы интернет, фильмдер мен бағдарламаларды ақысыз көрсету ұсынылып, жергілікті көрнекі орындарға кіруге жеңілдіктер беріліп жатыр. Кейбір жұмыс орындары сыйақы мен мерекелік тағам ұсынуда.

Пан Хун, Бейжің тұрғыны:

– Әбден ойландым. Ол жақта балаларым бар. Соларды көргім келеді. Коронавирусқа тест тапсырдым, енді жолға шықпақпын. Барған жағымда тіркеліп, температурамды үнемі өлшеп, 14 күн бойы көпшілік орындарға бармауым керек. Ал Бейжіңге оралмас бұрын тағы да тест тапсырамын.

Әуежайлар, вокзалдарда, сондай-ақ пойыздар, автобустар мен ұшақтарда сақтық шаралары күшейтілді. Билік тегін бетперделер мен дезинфекторлар таратуда. Оның үстіне, ақпан айының ортасына қарай миллиондаған адамға екпе салынуы тиіс.

Ернат Мелсұлы, Ботагөз Сырғабаева