AstraZeneca зауытында аудиттік тексеру жүргізілді

Еуроодақ басшылығы мен AstraZeneca компаниясы арасындағы дау ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бельгия билігі кәсіпорынның вакцина шығаратын зауытында аудиторлық тексеру жүргізді. Таяуда AstraZeneca басшылығы Еуроодақты келісілген мөлшерде вакцинамен қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеген еді. «Компания бірінші тоқсанда препараттың 31 миллион данасын ғана жеткізеді», делінген. Бұл жоспардан 60%-ке аз. Компанияның бас директоры Паскаль Суаро мұны Бельгия және Нидерландтағы зауыттардағы техникалық қиындықтармен түсіндіреді. Жағдай Еуроодақ басшылығының ашуын туғызып, ресми Брюссель компаниядан міндеттемелерін толық көлемде орындауын талап етті. Өйткені AstraZeneca тап осы кезде Ұлыбританияға жеткізіп отырған вакцина мөлшерін қысқартқан жоқ. Бельгиядағы зауыттың тексеру нәтижесі алдағы күндері жарияланады.

Стефан де Кеерсмакер, Еуропалық комиссияның ресми өкілі:

- Аудиторлық тексеруді Бельгия билігі өткізді. Біз оның ауқымы мен себебіне ресми түсініктеме бере алмаймыз. Өйткені бұл тексеру біздің құзырымызда емес.