Чехияда дәрігерлер жетіспей жатыр

Соңғы аптада Чехия ауруханалары COVID-19 ауруы асқынған науқастарға толып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жансақтау бөлімдерінде де орын аз. Былтырдан бері демалыссыз жұмыс істеп жүрген дәрігерлер әдбен титықтады. Тынбай еңбек етсе де, жақын арада індеттің басылатын түрі көрінбейді. 

Чехия ауруханаларында маман жетіспейді. Сондықтан жұмысқа медик-студенттермен қатар, волонтерлерді де қабылдайды. Желтоқсан айында 20 мың адам жұмысқа тұрды. Алайда мұның өзі де маман тапшылығын шеше алған жоқ.

Паулина Буневич, дәрігер:

– Әрине жұмыс орнында құлап жатқан жоқпыз. Дегенмен соңғы рет бір жарым ай бұрын демалдым. Оған дейін де екі ай бойы үздіксіз жұмыс істедім. Кей әріптестерім, әсіресе, инфекциялық бөлімдерде маусым айынан бері демалған жоқ. Өз жауапкершілігімізді білеміз, бірақ тынығып алғымыз келеді, өйткені күн сайын жүздеген науқасты қараймыз. 

Жергілікті билік өкілдері дәрігерлермен кездесулер өткізіп, қазіргі кезде ешқайдан көмек келмейтінін түсіндіріп келеді. Эпидемиологиялық жағдайды жақсарту үшін шектеулерді бұлжытпай орындау керек. Жақында қабылданған ережеге сәйкес ел тұрғындары себепсіз үйлерінен шықпауы тиіс. Кешкі тоғыздан таңғы беске дейін жарияланған коменданттық сағат күшінде қалды. 

Доминик Крыжич, Прага Медицина институтының аға оқытушысы:

– Көптеген медициналық оқу орындары дәрігерлерге қол ұшын созды. Кей мамандықтар бойынша оқу бағдарламасын өзгертіп, студенттеріміз өндірістік тәжірибе ретінде ауруханаларда көмектесіп жүр. Мысалы институтымыз Праганың үш аруханасына 409 студент жіберді. Олар науқастарды қабылдап, операцияларға дайындайды. Қазіргі жағдайда мұның бәрі көмек.

Чехия – Еуропада індеттің зардабын қатты тартқан елдің бірі. Пандемия басталғалы 15 мыңнан аса адам қайтыс болды. Бір мыңы соңғы аптада көз жұмды. Парламент індетке қарсы іс-қимылды келесі аптада қарастырады. Мамандарды шетелден шақыруы мүмкін. Қазір осы мәселеге байланысты тиісті ереже дайындалып жатыр. 

Авторлар: Александр Грэс, Павел Невид