Оңтүстік Кореяда алғаш рет қаланы цифрландыру жобасы қолға алынды

Елдің оңтүстік-батысында Digital Twin пилоттық жобасы жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Виртуалды технологиялардың көмегімен қаладағы әр нысанының нақты көшірмесі жасалды. Ол не үшін қажет?

Владислав Цой, тілші:

- Кореядағы жер және геокеңістіктік ақпарат корпорациясының штаб-пәтері осы. Оның қабырғасында Digital Twin жобасы дайындалды. Бұл осы ұйым ғимаратының үш өлшемді моделі. Оның көмегімен әр қабатты бөлшектеуге болады. Жүйе ғимаратта қандай жабдықтар орнатылғанын да көруге мүмкіндік береді. Біз де бұл ақпараттың нақты екеніне куә болдық. Шынында да, ғимаратқа тек осы дезинфекциялық қақпалар арқылы кіруге болады. Олар киімді зарарсыздандырып, шаңнан тазартады. Тағы бір сканер дене қызуын өлшеп, бетперде болуын қадағалайды. Мұнда ғимаратқа 306 адамның кіргені көрсетілген. Оның үшеуінің дене қызуы жоғары болған, ал тоғызында бетперде жоқ.

Бұл жүйе өртті сөндіруге көмектеседі. Алдымен сенсор түтінді анықтап, төтенше жағдай қызметтерін ескертеді. Осылайша, мамандар бірнеше секунд ішінде ғимараттың 3D көшірмесі арқылы құрылыста қандай материалдар қолданылғанын және әр қабатта қанша адам барын біле алады.

Digital Twin табиғи апаттардан келетін зиянды азайтуға қабілетті. Жер сілкінісі болған жағдайда жүйе қаланың қай аймақтары қауіпсіз екенін анықтай алады, кейін тұрғындарды сол жерге көшіру қажет болады. Су тасқынында да жасанды интеллектке иек артамыз. Ол судың қай жерге көп жиналатынын нақты айтады. 2018 жылдан бастап қаланың үштен бірі, яғни 200 шаршы шақырым аумақ цифрландырылған. Бұл жұмысты ағымдағы жылдың бірінші жартысына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жоба бес мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Ким Ги Сынг, Жер және геокеңістіктік ақпарат корпорациясының вице-президенті:

- Цифрлық егіз технологияларды жүзеге асыру үшін 3D жерүсті және жерасты құрылыстарын салу қажет. Ол үшін көптеген компания тартылады. Біз өз күшімізбен емес, IT немесе кеңістіктік ақпарат ұсынатын ұйымдармен жұмыс істейміз. Сонымен, цифрлық егіз технологиясын қолдану үшін модельдеу қосымшалары қажет. Біріншіден, бұл қолжетімді және қауіпсіз қосымшалар болуы керек.

2022 жылға дейін Digital Twin жобасына 6,5 миллион доллар инвестиция салынады. Чонджудың үш өлшемді моделі жасалғаннан кейін жүйені Кореяның басқа қалаларында енгізу жоспары бар.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян