Вьетнамда эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады

Әлемде коронавирус ең аз таралған Вьетнамда эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің солтүстік-шығысындағы Куангинь туристік провинциясында кейінгі бір аптада 200-ден астам адам вирус жұқтырған. Карантиндік шектеулер күшейтіліп, барлық мейрамхана жұмысы тоқтатылды. Өткен тәулікте тағы 14 адамның дертке шалдыққаны расталды. Науқастармен қатынаста болған тұрғындар анықталып, тиісті бақылауға алынды. Індет ошақтарында зарарсыздандыру жұмысы жүргізілді. Коронавирус пандемиясы басталғалы Вьетнамда қауіпті кеселді 1 мың 700-ден астам адам ғана жұқтырып, 35-і көз жұмған болатын.