419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда Әйтеке би күні аталып өтуі мүмкін

  • 194
  • UPD: 22:03, 31.01.2021

Енді жыл сайын Өзбекстанда Әйтеке би күні аталып өтуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші елге барған қазақстандық делегация осындай ұсыныс жасады. Бұл бастама жергілікті билік тарапынан қолдау тапты. Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақтуризм», Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері және туристік операторлар Науаи облысына барып, баба рухына тағзым етті.

Өзбекстанның Науаи облысында 40 мың қазақ тамырын тереңге жайып, ұрпақ өрбітіп отыр. Тілі мен ділін сақтап, дәстүрін берік ұстанған қандастарымыз бұл.

Бұл өңірде Кіші жүздің бас биі Әйтеке бабамыздың сүйегі жатыр. Бірақ орақ ауыз, от тілді шешеннің мәңгілік мекені осында екенін көп қазақстандық біле бермейтін көрінеді.

Бектемір Ысқақов, ҚМДБ жанындағы қажылық компанияның директоры:

– Осында Әйтеке би бабамыз жатқанын көп адам біле бермейді. Осы бабаларымыздың рухына тағзым етіп, оларға дұға жасап, өскелең ұрпаққа танытып, олардың өнегелі өмірін дәріптеу – біздің міндетіміз.

Кіші жүзге төбе би болып төрде отырған бабамызды дәріптеу үшін іргедегі көршілер септесуге дайын екенін жеткізді. Бұл орайда жергілікті билік Әйтеке би туралы бейнероликтерді қаржыландыруға әзір. Қазақстаннан туристер көптеп келсе, бұдан ала тақиялы ағайын да ұтады.

Жавлон Хасанов, Науаи облысы Туризмді дамыту басқармасының басшысы:

– Өкінішке қарай, пандемияның салдарынан туризм тұралап қалғанын білесіздер. Әйтпесе Қазақстаннан келетін туристердің саны 2019 жылы 80 процент өсіп, 12 мың адамды құрады. Енді біз қазақстандық әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, туризм саласына инвестиция тартып, турбизнес арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға келісіп отырмыз.

Ол үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Науаи облысының әкімдігі туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, саланы бірлесе дамытуға уағдаласты. «Қос мемлекет туризм индустриясындағы бір-бірінің жоғын түгендей алады», дейді мамандар.

Бектемір Ысқақов, ҚМДБ жанындағы қажылық компанияның директоры:

Отырарда Арыстан баб бабамыз бар. Олар да Өзбекстан халқына қызығушылық туғызады. Өзбекстан халқының туристері де Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың басына барып, дұға жасап жатады.

Ләззат Аханова, «Өзбекстан» туристік брендінің Қазақстандағы құрметті елшісі:

– Науаи облысының әкімдігіне Әйтеке бидің туған күнін жыл сайын атап өтейік деп ұсындық. 23 наурызда екен. Наурыздың кезінде үш күндік фестиваль өткізетін болсақ, көп қазақстандыққа қызық болады деп ойлаймын. Әрине, біз де осында келіп, өз жерімізді айтып, Өзбекстан азаматтарына біздің жерімізде қандай қызық нәрселер бар, сол жаққа біз де шақырып отырамыз.

Науаиде қазақ пен қарақалпақтың мәдениеті тоғысқан Кенимех дейтін жер бар. Қазір облыс хәкімі осы жерде сәуір айында екі ел жастарын біріктіріп, халықаралық фестиваль өткізуді ұсынып отыр. Өзбек жерінде топырақ бұйырған ағайынның ошағы сөнбей, көгеріп-көктегенін көрсін, Әйтеке бидей бабамыздың рухына тағзым етсін ниетпен.

Авторлар: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы