Нью-Йорк тұрғыны кәсібін биткоинға айырбастамақ

Нью-Йоркте Патрик Хьюз есімді кәсіпкер екі дәмханасын биткоинға сатпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бар қожайыны тамақтану орындарын 25 биткоин немесе 800 мың долларға бағалап отыр. Себеп – індет салдарынан кәсібі тұралап, шығынға батқан. Егер пандемияға дейін оның қол астында 50 адам жұмыс істесе, қазір 5 қызметкер ғана қалған. Сондықтан Хьюз кәсібін тоқтататын болып шешті.

Патрик Хьюз, дәмхана қожайыны:

– Мен бұл дәмхананы 26 жасымда ашқан едім. Қазір 56-дамын. Індеттен көп жапа шектік. Кәсібімді одан әрі жалғастыру мен үшін қиынға соғатын түрі бар. Сондықтан оны тоқтатамын деп шештім. Бірақ осы бизнеспен айналысам деген жастар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Биткоин әлемде ең танымал криптовалюта саналады. Бірақ бағамы құбылмалы. Өткен жылы құны 300 процентке өскен. Сондықтан кей сарапшылар криптовалютаға инвестиция салу тәуекелді іс екенін алға тартады.