Үндістан індетке байланысты туристерді қабылдаудың жаңа тәртібін енгізеді

Оны дайындау үшін жергілікті дипломат, дәрігер және кеден органы өкілдері халықаралық тәжірибеге сүйенген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа талапқа сәйкес Үндістанға сапар шегетін шетелдіктің ПТР тест тапсырғаны туралы анықтамасы болуы тиіс. Саяхатшыларға қатысты тағы қандай өзгерістер бар?

Үндістанда туристер үшін шекараны ашу қоғамда қызу пікір туғызды. Ел азаматтары қатаң түрде оқшаулануды қалайды. Туризм министрлігі саланың күйреу алдында тұрғанын айтып, карантинді сәл де жеңілдеткен жөн дейді. Билік тараптардың пікірін ескере келе, өзге ел тәжірибелеріне сүйеніп, туристік маусымды бастауды шешті. Бірақ меймандар тек арнайы компания өкілдерімен саяхаттайды. Және алдын ала белгіленген бағыт бойынша жүруге құқылы.

Лата Гошал, туристік компания менеджері:

– Елдің шекарасын ашу халықты жаппай вакциналаумен байланысты. Билік бұл қадам арқылы тәуекелге барып отыр. Себебі шекараны ашу елдегі жағдайға қалай да болса әсер ететіні анық. Мәселе соның қаншалықты пайдалы немесе пайдасыз болатынында.

Жаңа талапқа сай Үндістанға баратын саяхатшылар сапарға шыққанға дейін дертті жұқтырмағаны жайлы анықтама толтырады. Егер шетелдік азаматта аурудың қандай да бір белгісі байқалса, елге кіруге тыйым салынады. Немесе Үндістанға келген бойда оқшау орынға жіберіледі. 

Сону Лахири, мейманханалық желі заңгері:

– Билік мұндай тәуекелді қадамға әуежай мен шипажайларын ашқан шетелдердің тәжірибесіне сүйеніп барып отыр. Бірақ жаңа талаптар саяхатшылардың да жергілікті халықтың да қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей етіп жасауға күш салынған. Әрине індеттің таралу қаупі жоғары. Бірақ туризм саласына да қолдау қажет.

Билік туристерді қабылдаудан келетін пайда наурыз айында-ақ байқалады деп отыр. Шетелдіктерге шекараны ашқаннан бюджетке ай сайын миллиондаған доллар түседі. Бірақ кей сарапшылар туризм саласының дағдарыстан тез шығатынына күмәнмен қарайды. Себебі 2 метрлік арақашықтық сақтау, суға шомылу орындарын ашпау сынды ережелер қонақтардың көптеп келуін тежейтін көрінеді.  

Дмитрий Петров, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан және Устад Рахман