424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемнің бірқатар елінде азаматтарды вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр

  • 213
  • UPD: 20:30, 01.02.2021
Әлемнің бірқатар елінде азаматтарды вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр

Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде халықты жаппай вакциналау науқаны қызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәріге қол жеткізген елдер азаматтарына екпе егуді бастап кетті. Алайда ковидке қарсы препарат әзірге осал топтағы адамдарға салынып жатыр.

Ал қарапайым тұрғындар вакцинаны қашан салдырады? Коронавирусқа қарсы вакцинаны қарапайым халыққа егуді қолға алғандар бар ма?

Әзірге мұндай шараны санаулы мемлекет қана бастап кеткен. Оның ішінде Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерін айтуға болады. Кәрі құрлыққа келер болсақ, Еуроодақ тұрғындары вакцинаға тек жазда ғана қол жеткізеді.

***

Израильде халықты вакциналау қарқынды жүріп жатыр

Бүгінде әлемнің бірқатар елінде азаматтарды вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қазір бұл шара бойынша Израиль алда келеді. Осы уақытқа дейін елдегі 9 миллион тұрғынның 25%-тен астамы бір рет вакцина дозасын ектірген. Бастапқыда ковидке қарсы вакцина тек осал топтағы жандарға салынса, қазір жаңа вакцинаны 40-тан асқан әр тұрғынның қабылдауына болады. 16-18 жас аралығындағы азаматтар да екпе салдыра алады. Бірақ ата-анасының рұқсаты керек.

Блиц 1:

- Осында келуімнің себебі – вакцина салдыру. Мектеп қабырғасына қайта оралмай тұрып екпе ектіру керек деп шештім.

Блиц 2:

- Мен жоғарғы сынып оқушысымын. Мұнда ковидке қарсы екпе салдыру үшін келдім. Коронавирустан біржолата арылып, қалыпты өмірге оралуда бұл өте маңызды деп санаймын.

***

Ресейде вакциналау науқанының үшінші аптасы қалай өтіп жатыр?

Енді көршілес Ресейге ойыссақ. Осы уақытқа дейін ел астанасы Мәскеуде жарты миллиондай азамат вакцина салдыруға ниет білдіріп, кезекте тұр. Жаңа препараттың алғашқы дозасын бүгінде 300 мың кісі қабылдапты. Ресейдегі вакциналау науқаны қазір қалай жүріп жатыр?

Дана Нұржан, тілші:

- Вакцина салдырамын деген мәскеуліктер үшін қала бойынша 100-ден аса екпе егу орталығы ашылған. Олар қалалық ауруханалар мен тұрғындар арасындағы танымал орындарда орналасқан. Ковидке қарсы дәріні қабылдай алатындар қатары да артып келеді. Енді егде жастағылардан бөлек, вакцинаны созылмалы ауруы бар азаматтар да салдыра алады. Осы ретте біз Мәскеу тұрғындарынан екпе егуге қатысты пікірлерін сұрап көрген едік. Соған құлақ түрсек.

Блиц 1:

- Екпені салдырту керек. Мәселе қайсысын қабылдауда.

Блиц 2:

- Вакцинаны әлі алғаным жоқ. Уақыты келгенде міндетті түрде салдырамын.

Блиц 3:

- Мен негізі ауырып шыққанмын. Сонда да әзірге екпе алмай қоя тұр деп кеңес берді.

Блиц 4:

- Жоспарда бар. Бірақ дәл қазір емес.

Дана Нұржан, тілші:

- Жалпы қазіргі уақытта жаппай вакциналауға тек «Спутник V» дәрісі қолданылып жатыр. Наурыздан бастап «Вектор» орталығы әзірлеген «ЭпиВакКорона» азаматтарға салынады деген жоспар бар. Сонымен қатар осы айдың екінші жартысынан Чумаков атындағы орталық жасаған вакцинаның алғашқы партиясы да қолданысқа енуі тиіс.

Ал вакциналау науқаны басталғалы бері нақты қанша адам екпе салдырды? Осы жайлы ақпар бар ма?

Дана Нұржан, тілші:

- Ресми мәлімет бойынша Мәскеуде бүгінге дейін 300 мың адам екпе салдырған. Аймақтардағы көрсеткіштің қандай екені белгісіз. Белгілісі, қаңтардың ортасында Ресей «Спутник V» вакцинасының 6,5 миллион дозасын шығарды. Енді наурыздың соңына дейін тағы 33 миллион доза өндіру көзделіп отыр. Бұл туралы тиісті министрлік өкілдері хабарлады. Жалпы ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының соңына дейін елдің түкпір-түкпіріне бас-аяғы 17 миллиондай доза жөнелту қарастырылып отыр екен.

***

Вакциналау ісі бойынша Еуроодақ әзірге артта келеді

Енді Кәрі құрлықтағы жағдайға көшсек. Вакциналау ісі бойынша Еуроодақ әзірге артта келеді. Мәселе, препарат жеткізу ісімен байланысты. Дей тұрғанмен, Кәрі құрлық елдері ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында AstraZeneca компаниясынан қосымша тағы 9 миллион доза алатын болды. Негізі бұған дейін AstraZeneca басшылығы Еуроодақты келісілген мөлшерде вакцинамен қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеген еді. Сөйтіп, бірінші тоқсанда препараттың 31 миллион данасын ғана жеткізетінін айтқан. Бұл алдын ала бекітілген мөлшерден 60%-ке аз. Компанияның бас директоры мұны Бельгия және Нидерланд зауыттарындағы техникалық қиындықтармен түсіндірді. Жағдай Еуроодақ басшылығының наразылығын туғызып, ресми Брюссель компаниядан міндеттемелерін толық көлемде орындауын талап етті.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:

- AstraZeneca компаниясы вакцинаның қосымша тағы 9 миллион дозасын жеткізеді. Сонда бірінші тоқсанда бізді барлығы 40 миллион дозамен қамтамасыз етуге уәде етіп отыр. Сонымен қоса, компания екпені жоспарланған уақыттан бір аптаға ертерек жеткізетін болды.

***

Ұлыбританияда халықты жаппай вакциналау қарқынды жүріп жатыр.

Ал Еуроодақтан шыққан Біріккен Корольдікте, керісінше, халықты жаппай вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бір тәулікте адамдардың рекордтық саны екпе алған. Яғни 600 мыңдай азамат. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, елдегі ер кісілер күзге дейін жаңа дәріні қабылдайды. Жалпы бүгінде Ұлыбритания 100 адамға шаққанда екпе салу бойынша Израиль, Біріккен Араб Әмірлігі және Сейшел аралдарынан кейін төртінші орында тұр. Осы уақытқа дейін 9 миллион азамат COVID-19-ға қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алып үлгерген.

Хабар 24 телеарнасы