Ұлыбританияда 9 млн азамат вакцинаның алғашқы дозасын салдырды

Ұлыбританияда бір тәулікте вакцина салдырған адамдар саны рекорд жаңартты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенбі күні 600 мыңға жуық британиялық екпенің бірінші дозасын қабылдады. Биліктің мәлімдеуінше, ересек адамдардың басым көпшілігі күзге дейін вакциналаудан өтеді. Лондондағы тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы да екпе алу туралы SMS-хабарлама алыпты.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Иммундау бойынша британдық кампания 7 апта бұрын басталып, көптеген батыс мемлекеттерін шаң қаптырды. Ұлыбритания 100 адамға шаққанда екпе салу бойынша Израиль, Біріккен Араб Әмірлігі және Сейшелдерден кейін төртінші орында тұр. Бүгінге дейін COVID-19-ға қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын 9 миллион азамат алып үлгерген.

Ерікті әрі тегін жүргізілетін бағдарламаға 18 жастан асқан адамдар ғана қатысып жатыр. Вакциналауда басымдық қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлеріне, асқынған ауруы бар адамдарға және денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтіндерге беріледі. Үкімет бірінші дозаны мүмкіндігінше көп адамға егуді жоспарлап отыр. Екінші уколды британиялықтар 12 аптадан кейін алады. Көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл халықтың басым бөлігін қамтуға септігін тигізбек.

Ламис Латив, жедел жәрдем қызметінің дәрігері:

- Бағдарлама ғажап! Мен Ұлттық денсаулық сақтау қызметі мен осы жұмысқа тартылған еріктілердің еңбегіне тәнтімін.

Әзірге Ұлыбританияда коронавирусқа қарсы үш вакцина ресми мақұлданған. Олар: AstraZeneca, Pfizer/BioNTech және Moderna. Жақында тиімділігін дәлелдеген тағы екеуі: Novavax және Johnson & Johnson өз кезегін күтіп тұр. Ұлыбритания бойынша екпе қабылдайтын жүздеген медициналық бекет бар. Футбол стадиондары, ипподром, шіркеулер мен мешіттердің ғимараттарына дейін пайдаланылып жатыр. Биліктегілер вакциналардың Ұлыбританияға жеткізілуінде іркіліс болмайтындығына сенімді. Бірақ Еуроодақтың экспортқа бақылау орнатамын дегенінен кейін мұндай қауіптің болғаны рас.

Элизабет Трасс, Ұлыбритания сыртқы сауда министрі:

- Біз вакциналау бағдарламамызға толық сенімдіміз. Осал топ өкілдері 15 ақпанға дейін, 50-ден асқандар көктемде және ересектер күзге дейін екпе алады. Біз Еуроодақтан вакциналардың тасымалы тоқтамайтындығы туралы кепілдеме алдық.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Еске сала кетейін, бұған дейін британ-шведтік AstraZeneca Брюссельмен жасалған келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындай алмайтынын және бірінші тоқсанда вакцинаның 60%-ін ғана жеткізе алатынын Еурокомиссияға ескерткен болатын. Бірақ компания Ұлыбритания үшін дайындалатын тапсырысты толық орындауға кепілдік берді. Еурокомиссиядағылар өздеріне тиесілі вакцинаны AstraZeneca Ұлыбританияға сатуы мүмкін деп күдіктенді. Жалпыға жария болған даудан кейін Еуропалық кеңес AstraZeneca ғана емес, BioNTech/Pfizer-дің де екпелерін Ұлыбританияға экспортталуын тоқтатамыз деп сес білдірді. Шудан кейін британ-шведтік компания қосымша 9 млн дозаны наурызға дейін жеткізуге уәде берді.

Айтпақшы, басымдық берілмеген топтардың өкілдері, оның ішінде мен де бармын, кезегіміз келгенде емханаға шақырылатындығымыз туралы хабарлама алды. Жалпы алғанда, жүргізілген зерттеу нәтижесі халықтың басым көпшілігінің вакциналауға тас-түйін дайын екендігін көрсеткен. Респонденттердің 82%-і «екпені қуана аламыз немесе алуға дайынбыз» деп жауап берген. Ал әйелдер мен жастар және білім деңгейі төмен адамдар күмән білдірген. Сенімсіздік танытқандардың көпшілігі қара нәсілді адамдар. Олардың 72%-і «вакциналауға қатысқымыз жоқ» деп пікір білдірген.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы