Австралияда орман өртінен 6 мың гектар алқап жанып кетті

Австралияның батыс бөлігінде 6 мың гектар аумақты қамтыған орман өртінен ондаған үйдің күлі көкке ұшқан.

Бұл туралы WA Today басылымы хабарлайды.

Басылым мәліметінше, бақылаудан шыққан өрт тұрғын аудардарға жақындап, Суон қаласындағы 30-ға жуық үйдің күл-талқанын шығарған. Ал бұл шаһар Перт қаласынан небәрі 40 шақырым жерде. Тағы 400-ге жуық адам өз үйлерін тастап, эвакуация орталықтарына жайғастырылған.

Өңірлік өрт сөндіру қызметінің (DFES) комиссары Крейг Уотерстің мәліметінше, өткен түнде қызыл жалынның аумағы кеңейіп, периметрі 60 шақырымға жеткен. Онымен күреске 300 өрт сөндіруші, одан қалды волонтерлер жұмылдырылған.

Қызыл жалынды ауыздықтауға жел мен құрғақ әрі ыстық ауа райы да кедергі келтіруде.