Австрияда алдағы аптада шектеу шаралары жеңілдейді

Ал Австрияда келер аптадан бастап коронавирусқа қарсы қабылданған шектеу шаралары жеңілдейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы елдің канцлері Себастьян Курц мәлімдеді. Оның айтуынша, енгізілген локдаун арқылы бір аптада індетке шалдыққандар саны едәуір қысқарған. Енді ақпанның 8-інен бастап сән салондары, сауда орындары, музей мен зообақтар ашылатын болады. Талап бойынша кей мекемелерге кіру үшін қолда ПТР-тесттің анықтамасы болуы шарт. Мамандар эпиджағдайдың оңалғанына қарамастан, халықты санитарлық нормаларға бей-жай қарамауға шақырады. Австрияда жалпыұлттық локдаун желтоқсанның 26-сы күні жарияланған болатын.

Себастьян Курц, Австрия канцлері:

Алдымен Вена мен Төменгі Австрияда мектептер ашылатын болады. Кейін елдің өзге өңірлерінде білім беру мекемелері жұмысын жандандырады. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары ауысым бойынша оқиды. Барлық жерде маска тағу режимі мен санитарлық талаптар қатаң сақталуы керек.