Қытайда вакцинаны қолдан жасаған 80-нен астам алаяқ қамауға алынды

Әлемде вакциналау қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екпе шараларын кей мемлекеттер ерте бастаса, біраз ел енді қолға алады. Вакциналау науқаны қызған сайын алаяқтар да алақанын ысқылай бастады. Жаппай егуді бастап кеткен Қытайда 80 күдікті жан ұсталып, үш мыңнан аса жалған доза тәркіленді.

АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина алғандар саны індет жұқтырғандардан асты. Бұл туралы Блумберг агенттігі хабарлады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, Құрама Штаттарда вирус жұқтырудың расталған деректері 26 миллион 300 мыңнан асады. Ал ресми деректе 200 мың адам артық көрсетілген. Бұған дейін президент Джо Байден Трамп бастаған вакциналау бағдарламасын қатаң сынға алып, сатып алатын препарат санын көбейтті. АҚШ-та күніне шамамен бір миллион 300 мыңдай адамға екпе салынып жатыр. Бүгінге дейін халықтың 2 проценті вакцинаның екі дозасын алып үлгерген.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас инфекционисі:

– Екпе салдыруға ұзақ ойланбай, бірден іске көшіңіздер. Уақыт жоғалтпау керек. Өйткені бұл вирустың әрі қарай мутацияға ұшырауына кедергі болады. Сонда вакцина салдырып, өзіңізді ғана қорғап қалмайсыз. Сонымен қоса елімізде вирустың жаңа штамдарының пайда болмауына да көмектесесіз.

Ал Оңтүстік Африка Республикасына вакцинаның алғашқы легі енді ғана жеткізілді. Дозаларды арнайы күтіп алу үшін ел астанасы Йоханнесбургтағы халықаралық әуежайға мемлекет басшысы Сирил Рамафосаның өзі келді. Әзірге «Астразенека» екпесінің 1 миллион дозасы әкелінген. Алдағы 2 аптада препараттардың тиімділігі тексеріледі. Тек содан кейін ғана вакциналар 9 провинцияға жеткізіліп, екпе шараларына рұқсат етіледі. Бұл ел қара құрлықта коронавирус жұқтыру және өлім-жітім деңгейі бойынша алдыңғы орында тұр. Оның үстіне мұнда жаңа штамм шыққан. Соңғы дерек бойынша, Оңтүстік Африка Республикасында 1 жарым миллиондай адам індетке шалдығып, көз жұмғандар қатары 44 мыңнан асқан.

Вакцина алу мұңға айналған тағы бір өңір – Таяу Шығыс. Палестинада вакциналау науқаны ақпан айының ортасында басталатын болды. Бұл елге 50 мың вакцинаның алғашқы легі жақында келуі тиіс. Екпелерді жеткізу ісі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Ковакс» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Халықаралық бірлестік өкілдері Палестинаға «Файзер-Байонтек» вакцинасының 37 мыңнан астам дозасы берілетінін айтады. Палестина қосымша «Астразенеканың» кемінде 240 мың мөлшеріне тапсырыс жасамақ.

Мұхаммед Штайе, Палестина премьер-министрі:

– Тапсырыс берілген барлық вакцинаға ақша мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Алдағы 2 аптаның ішінде екпе шараларын тез бастап кетуіміз керек. Вакциналау науқаны Палестинаның барлық аумағында, оның ішінде Газа секторында да жүргізіледі.

Қытайда вакцинаны қолдан жасайтын 80-нен астам алаяқ қамауға алынды. Әлемдік және жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаскүнемдер екпені өтірік жасап қоймай, қымбат бағаға сатып келген.

Бұл елде вакциналау тегін және лицензия берілген орталықтарда ғана жасалады. Жергілікті полиция арнайы операция жүргізіп, 3 мыңнан астам жалған дозаны тәркілеген.

Ернат Мелсұлы