Еуроодақ шет ел азаматтары үшін шекарасын жауып жатыр

Енді Одақ аумағына тек ковид бойынша статистикасы ең төмен елдердің азаматтары ғана кіре алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни соңғы екі аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда 25 науқас қана тіркелген мемлекеттер. Оның өзінде бұл елдерде коронавирустың жаңа штамы анықталмауы керек. Әзірше эпидахуалы жақсы елдердің тізімінде Австралия, Жаңа Зеландия, Қытай, Руанда, Сингапур, Оңтүстік Корея мен Таиланд бар.

Себастьян курц, Австрия канцлері:

- Вирустың жаңа штамдары жағдайды қиындатып жіберді. Яғни, қауіпті вирус одан бетер тез тарай бастады. Коронавирустың өзгеріске ұшыраған түрін тежеу үшін шекараны қатаң бақылауды ұстаймыз.

Ал, Ұлыбритания ғалымдары жуырда анықталған коронавирустың британдық штамы тағы мутацияға ұшырағанын хабарлады. Мәселен таяуда тіркелген жаңа науқастардың қан сынамасында оңтүстікафрикалық және бразилиялық штамдардың бар болғаны дәлелденді. Мамандар бұл өзгерістер  вакцинаның тиімділігіне әсер етуі мүмкін дейді. Ал, жергілікті биліктің пікірі өзгеше.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

- Біз ғалымдармен және фармацефтикалық компаниялармен ауқымды жұмыс атқарып келеміз. Қажет болған жағдайда вакцинаның жетілдірілген түрін шығаруға дайынбыз. Сонымен қатар қолда бар вакцинаның жаңа штамдарға қарсы тиімділігін сынамалар арқылы бақылау үстіндеміз. Әзірге зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Нақты шешім шығаруға әлі ерте.

Осы Еуропаның бірқатар елдері қолданысқа енгізілген AstraZeneca вакцинасының тиімділігіне күмәндана бастады. Францияда 18 бен 65 жас аралығындағы тұрғындарға AstraZeneca препаратын егу шектелді. Германия мен Польша билігі де осындай шешім қабылдап отыр. Эпидемиолог мамандары екпенің тиімділігін қосымша клиникалық зерттеулерден кейін қайта қарастыратын айтады.