Әлемде вирус жұқтырғандардан вакцина алғандар саны көп

Әлемде коронавирус жұқтырғандардан екпе алғандар саны өсіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Блумберг агенттігінің хабарлауынша, пандемия басталғалы 103 миллион 800 мың дерек расталған. Ал екпе салдырғандар саны 104 миллионнан асады. Бүгінде вакциналау әлемнің 66 елінде жүргізіліп жатыр. Күн сайын препараттың 4 миллионнан аса дозасы салынады. Вакциналау қарқыны бойынша АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Израиль, Үндістан мен Біріккен Араб Әмірліктері алда келеді. Жалпы, коронавирусқа қарсы екпе егуге арналған халықаралық бағдарлама бар. Қытай тарапы оған 10 миллион доза беретінін айтты.    

Ван Вэньбинь, Қытай СІМ ресми өкілі:

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сұрауы бойынша Қытай «Ковакс» халықаралық бағдарламасына 10 миллион доза беруге дайын. Оның көбі дамушы елдердің қажеттіліктеріне жұмсалады. Біз соңғы уақытта «Ковакс» бағдарламасы қатысушыларының екпе жеткізу бойынша қандай қиындықтарға тап болғанын көріп отырмыз.