Коронавирусқа қарсы вакцина егу 66 елде жүргізіліп жатыр

Вакциналау жалпы әлемде қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде бұл шара жер бетіндегі 66 елде жүргізіліп жатыр. Халыққа екпе салу қарқыны бойынша АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері алда келеді. Дегенмен, жағымсыз жаңалықтар да жоқ емес. вакциналаумен бірге өлім-жітім деректері де артып жатыр.

Әлемде коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны вирус жұқтырғандардан асты. Осы уақытқа дейін бас-аяғы 105 миллион адам екпе алған. Күн сайын препараттың 4 миллионнан аса дозасы салынады. Бұл көрсеткіште қазір АҚШ бірінші келеді. Америкада екпе қабылдағандар қатары 34 миллионға жуықтады.

Жалпы, жұмыр жердегі вакциналау науқаны айтарлықтай қарқын алды. Олай дейтініміз, көптеген ел препаратқа енді ғана қол жеткізіп, жаппай вакциналауға кіріскелі отыр. Мәселен, Мексика. Бұл елде жақында «Ступник V» вакцинасы мақұлданды. Алдағы уақытта Мексикаға жаңа дәрінің 24 миллион данасы жеткізіледі.

Уго Лопес-Гателл, Мексиканың денсаулық сақтау министрінің көмекшісі:

– Ақпанда вакцинаның 400 мың дозасы келуі тиіс. Наурызда тағы бір миллионы, сәуірде 6 миллион данасы жеткізіледі. Қалғаны мамырда келуі керек. Жалпы, ресейлік препарат қауіпсіз. Оның тиімділігі 92 процент.

Оңтүстік Корея да қазір жаппай вакциналауға қызу дайындық үстінде. Тіпті Инчхон әуежайында екпені қабылдауға қатысты жаттығу да өтті. Оған полиция мен әскерилер тартылған. Дегенмен, вакцинаның елге нақты қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз. Соған қарамастан, билік өкілдері шілдеге шейін осал топқа жататын 10 миллион тұрғынға екпе салуды көздеп отыр.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:

– Вакцинаны көптеп қабылдау үшін әлі көп жұмыс атқаруымыз керек. Қоймадағы екпені вакциналау орталықтарына жеткізу ісі оңай жүзеге аспайды. Бұған тыңғылықты әзірлік керек.

Қалай болғанда да, әлемде коронавирустан қайтыс болғандар қатары әлі де көп. Тіпті рекордтық көрсеткіштер те тіркеліп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы бір аптада 96 мың адам көз жұмған. Ол аздай, бірінен соң бірі пайда болып жатқан мутациялар жағдайды ушықтырып отыр. Сондықтан мамандар сақтық шараларына салғырт қарамауды ескертеді.

Сондай-ақ...