Коронавирус гүл бизнесін құлдыратты

Көктемнің келуіне бір айдан аз уақыт қалды. Қытайда ай жылнамасы бойынша Жаңа жыл 12 ақпанда басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Гонконгта жылда Гүлдер жәрмеңкесі өтетін. Бірақ биыл гүл сатушыларға қиын болғалы тұр. Әлемнің басқа елдеріндегі гүл бизнесінің өкілдері де дағдарысқа ұшыраған.

Гонкогта гүл өсіретін шаруашылық иесі Ён Сиу-Лунг биыл бір ғана 30 мың түп орхидея өсірген. Бірақ есіл еңбек еш кеткелі тұр. Коронавирусқа қатысты шектеулерге байланысты кәсіпкердің ісі тұралап қалды.

Ён Сиу-Лунг, гүл шаруашылығының иесі:

– Жылда орхидеяның жаңа түрлерін жасап шығаруға тырысамын. Алайда бұл тауарға сұраныс та, баға да құбылып тұр. Бұрын Гонконг тұрғындары орхидеяға күтім жасау қымбатқа түседі деп ойлайтын. Біз бұл теріс түсінікті жоққа шығардық. Содан бері орхидея ең өтімді гүлге айналып еді.

Тығырыққа тірелген кәсіпкер қол қусырып отырған жоқ. Ол тұтынушыларды шаруашылықтың тура өзіне шақырып, әдемі көріністі көзбен көруге мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ интернет сауданы жедел қолға алды. Қаңтардың басында Гонконг билігі жыл сайын өтетін мерекелік жәрмеңкелерді өткізуге тыйым салған еді. Осының кесірінен гүл бизнесіндегі кіріс 50 процентке дейін төмендеуі мүмкін. 

Фрэнсис Лун, бизнес-сарапшы:

– Адамдар күштеп оқшаулаудан қатты қажыды. Бүгінде коронавирус індеті зардабын тигізбеген бірде бір сала жоқ. Үкімет гүл сататын жәрмеңкелерді биыл да тоқтатпауы керек еді. Бірақ әйтеуір жалпы сауда-саттыққа тыйым салған жоқ.

Еуропалық гүл өсірушілер де терең дағдарысқа тап болды. Францияда өткен аптада енгізілген коменданттық сағат тұтынушыларды азайтты. Елде барлық сауда орындары кешкі 6-дан таңғы 6-ға дейін жабық тұрады.

Клэр Туа, гүл өсіруші:

Әдетте бізге тұтынушылар кешкі 6-дан кейін келе бастайды. Оған дейін қолдары тимейді, жұмыстан шыға алмайды. Сондықтан жаңа шектеулер біздің бизнеске ауыр соққы болды. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Бұған да көнеміз.

Індеттің биылғы бет алысы әдемі гүлдердің отаны Нидерланд кәсіпкерлерін де алаңдатып отыр. Былтыр індет басталғанда бұл елдегі бизнесмендер 140 миллионнан астам атақты голланд қызғалдағын далаға тастаған болатын.

Автор: Ернат Мелсұлы