АҚШ-та ұлттық ұланның тікұшағы апатқа ұшырады

АҚШ ұлттық ұланның тікұшағы апатқа ұшырап, 3 әскери қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы оқиға Айдахо штатында орын алды. Әуе көлігінің бортында болғандар ұлттық ұланның ұшқыштары еді. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, марқұмдар жоспарлы жаттығуын жасау үшін көкке көтерілген. Ұшқыштар байланысқа соңғы рет сейсенбі күні кешкісін шыққан екен. Ал құтқарушылар тікұшақты сәрсенбі күні түнде тапты. Апатқа нақты не себеп болғаны белгісіз, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Майкл Гаршак, ұлттық ұланның генерал-майоры:

– Бұл қайғылы оқиға бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Қаза тапқан ұлттық ұлан сабаздарының туыс-туғандарына қайғырып, көңіл айтамыз. Марқұм болғандар өте білікті, мықты мамандар еді.