Австралияның батысында орман өртінен 81 үй күлге айналды

Австралияның батысында орман өрті қаулап барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жау қазірдің өзінде 81 үйді күлге айналдырған. Отты cөндіруге күшті жел ырық бермей отыр. Табиғи апат орнына 250-ден астам өрт сөндіруші жіберілген. Ұшақ-танкерлер де әуеден су шашып әлек. Халық саны 2 миллионнан асатын Перт қаласының маңындағы 9 мыңнан аса гектар жасыл желек жанып кеткен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, 6 өрт сөндіруші жарақат алды. Ал синоптиктер осы жексенбіге дейін жауын-шашын болмайды деп болжам жасады.

Марк Мак-Гован, Батыс Австралия штатының премьері:

- Біз қазір 2 майдан шебінде күрес жүргізіп жатырмыз. Бір жағынан орман өрті алқымнан алса, екінші жағынан COVID-19 індеті етектен тартуда. Мұндай ауыр жағдай бізде бұрын-соңды болған емес.