Үндістан халқы аномальді суықтан зардап шегіп отыр

Австралияда орман өрті бой бермей барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отты жел одан сайын өршітіп, сөндіруге кедергі болып тұр.

Былтыр осы орман өртінен миллиондаған жануар қырылып қалған еді. Биыл ондай ақпарат жоқ.

Ал, Үндістанда құстар қырылып жатыр. Күннің суығы қанаттылармен қоса үнді халқын да әбігерге салды. 

Австралияда орман өрті ырыққа көнер емес. Перт қаласының іргесіндегі ауылда 80-нен аса ғимарат өртеніп кеткен. От 9 мың гектар аумақты шарпыған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ 6 өрт сөндірушінің жарақат алғаны белгілі. Мамандар «сұмдықтың бәрі әлі алда» дейді. Өйткені күн бұдан да ыстық болады. Оның үстіне желдің де басылатын түрі жоқ. Сондықтан қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.

Джули, жергілікті тұрғын:

- Кеше жолдар жабылып, үйімізге қайта алмай қалдық. Құтқарушылар «кері қайтыңдар» деп бұйрық берді. Көлікте мысықтарымыз бар еді. Оларды арнайы орталыққа апарып тастадық. Тауықтарымыз қалып қойды. Олардың не боп жатқанын білмейміз. Үйге қашан қайтарымыз да белгісіз.

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:

- Өрт тез тарап барады. Сондықтан қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Синоптиктер алдағы күндері күн райы қолайсыз болатынын болжап отыр. Қазір отпен 220-дан аса маман арпалысып жатыр. Оларға көмекке авиация да тартылған.

Ал, Үндістанның Джамму және Кашмир штатының халқы, керісінше, аномальді суықтан зардап шегіп отыр. Мұнда күн -10 градусқа дейін суытқан. Бұл – соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жергілікті жұрт бұған үйренбеген. Күннің қолайсыздығы тұрғындарды ғана әбігерге салып қойған жоқ. Құстарға да қиын болды.

Ифшан Деван, Жабайы табиғатты қорғау жөніндегі бөлімше өкілі:

- Құстар суықтан қырылып қалып жатыр. Біз қолдан келгеннің бәрі істеп жатырмыз. Алайда былтыр қараша мен желтоқсанда мұнда 300 мыңға жуық қанатты болса, қазір күннің суығы мен қардың салдарынан олардың саны шамамен 2 есеге азайған.

Ресей астанасы Мәскеуде де күн күрт суытуы мүмкін. Синоптиктер қала тұрғындарын соңғы 10 жылда болмаған қатты аяз күтіп тұрғанын ескертті. Сөйтіп, келесі аптаның басында мұнда ауа температурасы 25-ке дейін, ал Мәскеу облысында 30 градусқа дейін төмендейді деп божап отыр. Мамандар әдетте бұл көрсеткіш ақпанда ары кетсе -17-ге дейін ғана жететінін айтады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәуреш Байгелова

 

Сондай-ақ...