Ауғанстан халқының 54%-і әрең күнелтіп жүр

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, жергілікті тұрғындардың күнделікті табысы 2 долларға да жетпейді.

Негізі елде соңғы 20 жылда экономикалық жағдайды жақсарту деген желеумен мемлекет бюджетінен, сондай-ақ халықаралық көмек аясында миллиардтаған доллар бөлінген. Бірақ сарапшылар қыруар қаражат мақсатқа сай жұмсалған жоқ деп есептейді. Жергілікті тұрғындар мен кәсіп қылушылардың айтуынша, қылмыстық топтар ашық бопсалаумен айналысады. Мемлекеттік органдар да парақорлыққа белшесінен батқан. Ең қиыны, ел астанасы Кабулда да, басқа аймақтарда да қауіпсіздікке еш кепілдік жоқ. Ата-аналар ұрпағы үшін алаңдайды. Мүмкіндігі барлар балаларын шетелге жіберген. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметі бойынша соңғы 10 жылда 2 миллион 300 мың ауған азаматы жат жерге босып кеткен. Көбі Еуропа, Түркия, Иран және Пәкістанда бас сауғалап жүр.

Шарафуддин Азими, психолог:

- Әйелдер, балалар, жастар, тіпті ер адамдар көлеңкесінен шошып, үнемі үрей құшағында жүреді. Олар қайда жүрсе де «жарылыс болмас па екен?» деген қауіппен өмір сүреді. Тұрғындар кез келген сәтте тонаушыларға жем болып, тіпті пышақталып немесе атылып өлуі мүмкін.

Ауғанстандағы жағдайға Еуропалық одақ назар аударды. Кабулға арнайы келген Еуроодақ комиссары биыл гуманитарлық жобаларға 32 миллион еуро бөлінетінін мәлімдеді. Ал алдағы 4 жылда көмек қаржы көлемі 12 миллиардқа дейін жетуі мүмкін.

Янез Ленарчич, ЕО-ның дағдарысты реттеу жөніндегі комиссары:

- Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайдың ушығуына бірнеше себеп бар. Лаңкестік топтардың шабуылдары, қылмыстық топтардың зорлық-зомбылығы, табиғи апаттар және соңғы жылдары қосылған COVID-19 індеті елдегі дағдарысты тереңдетіп отыр. Біз барлық тараптарды қақтығысты тез арада тоқтатуға шақырамыз. Бейбітшілік болса, көмек те болады.

Сондай-ақ...