Былтыр әлем бойынша 10 млн адам қатерлі ісіктен көз жұмған

Бүгін – қатерлі ісікке қарсы күрес күні.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бүгінде әлемнің әрбір бесінші тұрғыны осы бір онкологиялық ауруға шалдыққан. Ал одан қайтыс болғандардың 70%-і табысы төмен және орташа деңгейлі елдердің азаматтары. Тек былтырдың өзінде бұл дерттен 10 миллион тұрғын көз жұмған. «Және осы көрсеткіш алдағы уақытта тек арта береді», - дейді мамандар.

Жалпы ғалымдар бұл дертке дауа іздеп, қандай амал-әрекетке барса да, жыл сайын одан миллиондаған адам көз жұмады. Олардың арасында балалар мен жасөспірімдер де бар. Сарапшылардың айтуынша, жыл сайын қатерлі ісік 400 мың баладан анықталады.

Әлемде сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткіші өкпе обырын басып озды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тақауда осындай мәлімдеме жасады. Ұйым өкілі Андре Ильбавидің айтуынша, өкпе обыры соңғы 20 жылда ең көп тараған онкологиялық ауру болып келген. Алайда қазір ол бір саты төмен түсіпті. Бұдан бөлек, Ильбави жер бетіндегі халық санының артуы мен өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына байланысты әлемдегі қатерлі ісік ауруларына шалдығу деректері одан әрі арта түсетінін де атап өтті.

Андре Илбави, ДДСҰ өкілі:

- Соңғы үрдіске көз жүгіртсек, обырға шалдығу қарқыны өте жоғары. Мәселен, 2000 жылы 10 миллион адамнан қатерлі ісік анықталса, он жыл өте бұл көрсеткіш 20 миллионға жетті. Демографиялық жағдайға байланысты болжам жасайтын болсақ, 2040 жылға қарай жылдық көрсеткіш 30 миллионға дейін жетуі мүмкін.

Бір анығы, кеуде обырына көбіне семіздік себеп болады екен. Бұл мамандардың айтуы. Олардың келтірген дәлелі, қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың үштен бірі салауатты өмір салтын ұстанбаған. Яғни жаман ауруға шылым шегу, ішімдік ішу, енжар өмір сүру себеп болады екен.

Қазіргі коронавирус пандемиясы қатерлі ісік ауруын емдеуге кедергі келтіріп отыр. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес көптеген елде онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтарға көмек көрсету нашарлап кеткен. Әсіресе, дәрімен қамту жағы. Осыған байланысты тақауда Брюссельде қатерлі ісікпен күрестің жаңа жоспары таныстырылды. Нақтырақ айтсақ, енді Еурокомиссия науқастарға диагноз қою мен емдеу ісіне 4 миллиард еуро бөлетін болды. Бұдан бөлек, Еуропа аумағында залалдың туындауына түрткі болатын зиянды әдеттерге қарсы күрес жұмыстары да жүргізілмек. Өйткені тек Кәрі құрлықтың өзінде жыл сайын 3,5 миллиондай кісі обырдан зардап шегеді екен.

Маргаритис Схинас, Еурокомиссияның вице-президенті:

- Біз Еуропадағы шылым шегетін азаматтардың үлесін азайтқымыз келеді. Қазіргі көрсеткіш 25% шамасында. 2040 жылға қарай оны 5%-ке дейін түсіру қажет. Ішімдікке де дәл осындай шара қолданбақпыз. 2025 жылға дейін оны 10%-ке жеткізу жоспары бар.

Жалпы жаман ауруға шалдығу деректерін адамның жынысына қарай жіктеп қарайтын болсақ, әлемде әрбір сегізінші ер адам дәл осы дерттен көз жұмады. Ал әйелдердің әр он біріншісі зардап шеккен.