Израиль он алты жастан асқан балаларға вакцина салуды бастады

Израильде жасы 16-дан асқандарға коронавируске қарсы вакцина салуға рұқсат берілді. Биліктің түсіндіруінше, елде екпе бәріне жетеді. Оның үстіне бұл жоғары сынып оқушыларының еш қиындықсыз мектеп бітіру туралы аттестат алуы үшін жасалып отыр.

Осы күнге дейін препарат тек жасы 35-тен асқандарға ғана салынып келген.

Айта кеткен жөн, Израиль вакциналау қарқыны бойынша әлемде көш бастап тұр. Бүгінде препараттың бірінші дозасын 3 миллион 300 мың адам алған. Бұл халықтың шамамен үштен бірі.

Тал Экрони, 31 жастағы тұрғын:

- Жасы 16-дан асқандарға екпе салдыруға болатынын ести салысымен бірден сайтта тіркеуден өтіп, осында келдік. Вакцинаны мүмкіндігінше ерте алғанымыз дұрыс. Сонда тезірек қалыпты өмірге қайта оралатын боламыз. 

Осындай көрсеткіштерге қарамастан елде коронавирустың тарауы бәсеңдемей тұр. Сарапшылар оның екі себебі барын айтады. Біріншіден, қазір вирустың түрлі мутациялары тез тарап барады. Екіншіден, діндар еврейлер шектеу шараларын елемей, көп адамның қатысуымен жиындарын, үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдерін өткізіп келеді. Оның үстіне олар вакцина салдырудан бас тартып отыр.