Германия биылдың алғашқы тоқсанында 10 миллион адамды вакциналауды көздейді

Германия биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 10 миллион халықты егуді жоспарлап отыр.

Ал жазға таяу барлық тұрғындарды қамтымақ. Мұндай мәлімдемені осы елдің канцлері Ангела Меркель мәлімдеді. Бірақ Германияда науқан Ұлыбритания және Израильмен салыстырғанда баяу жүруде. Вакцина шығарушылар екпені уақытылы жеткізуге уәде беріп отыр. Мысалы, «Бионтек» компаниясы өндіріс көлемін арттырмақ. Бірлестік жыл соңына дейін 2 миллиард доза шығарады.

Ал Роберт Кох институтының дерегіне сүйенсек, Германияда қазірге дейін коронавирусқа қарсы екпені халықтың 2,5 проценті алған. Бұл 2 милионнан аса адам. Екінші доза 750 мыңнан аса тұрғынға салынған. Олардың арасында дәрігерлер мен жасы 80-нен асқан қарттар және созылмалы ауруы бар азаматтар бар. 

Зигрид Грауманн, этика жөніндегі кеңестің өкілі:

- Вакциналаудың нәтижесінде елде вирусты жұқтыру бәсеңдеп, қалыпты өмірге орала аламыз деп үміттенеміз. Бірақ екпеге қарамастан вирус тез арада жоғалып кете қоймас. Сондықтан қауіпсіздік шараларын біраз уақыт сақтауға тура келеді. Бірі-бірімізбен қарым-қатынасты да шектей тұрғанымыз дұрыс. Карантин режимі екпе алғандарға да қолданылатын болады.